МТРА жаңалықтары

Өңірде айыппұлдарын төлемей жүрген 9 мыңға жуық солтүстікқазақстандық тіркелген

Олардың қарызы 100 миллион теңгеден асады. Борышкерлер қатарында, Петропавл қаласының 37 жастағы тұрғыны да бар. Ер азамат 2013 жылдан бері Жол қозғалысы ережелеріне байланысты 14 әкімшілік құқық бұзушылық жасап, борышын өтеуге асықпаған. Оның бір басында 70 мың теңгеден асатын төленбеген 8 айыппұл бар. Борышкер сот шешімімен әкімшілік қамауға алынды.

Венера Тайжанова – СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 669-бабы бойынша заңнаманың нормаларын бұлжытпай орындау мақсатында халықпен түсіндірмелік жұмыстар жүргізілді. Бұрын айыппұл салынып, борыштарын уақытында төлемеген тұлғаларға қатысты әкімшілік жаза, яғни 5 күндік әкімшілік қамауға алу жазасы белгіленген.

Сондай-ақ, айта кететін тағы бір жайт жуырда 53 жастағы петропавлдық үш тәулікке қамауға алынды. Ол 30-ға жуық қоғамдық тәртіпті бұзып, салынған айыппұлдарды мүлде төлемеген. Міне, оның мемлекет алдындағы қарызы 400 мың теңгеден асып жығылып отыр.

Руслан Әлмішев – СҚО прокуратурасы 4-ші басқармасының прокуроры:

– Қазіргі уақытта уәкілетті органдар бұрын салынған айыппұлдарды орындау үшін алдыменен сот орындаушысына жіберер бұрын, олар әкімшілік құқық бұзушыны әкімшілік жазаға тартуы қажет.

Айта кетсек, борышкерлердің арасында айыппұлдарын бірнеше жылдап өтемейтіндер де кездеседі. Міне, дәл осындай тұлғаларға бірінші кезекте қосымша әкімшілік шаралар қолданылады. Естеріңізге сала кетейік, айыппұлдарды ерікті түрде төлеу мерзімі 30 күнді құрайды.

Тогжан Акмагамбетова