Аптадағы маңызды жаңалықтар

Есіл ауданына қарасты Корнеевка селолық округының әкімі халық алдында есеп берді

Айгерім Ержанова, тілші:

– Су, жарық және жол. Бүгінде аталған бұл 3 мәселе әр ауылдық жерде өзекті. Мәселен, Советское селосының тұрғындарын көшедегі жарықтың жоқтығы алаңдатады. Бұл проблема Корнеевка ауылдық округы әкімінің есептік кездесуінде де көтерілді.

Бұрындары ауыл көшесінде жарық шамдары болған. Бірақ, олар соңғы 3 жылда мүлдем іске қосылмапты. Енді биыл бұл олқылықты түзеу үшін бюджеттен 3 млн теңге қаражат бөлінген.

Құрманбай Өмірзақов – Корнеевка селолық округының әкімі, Есіл ауданы:

– Қазір мұндай мәселе Корнеевкада, Новоузенка мен Леонидовка селоларында да бар. Қазір бұл проблеманы шешуге тырысып жатырмыз. Бұл ретте ағымдағы жылы “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында бізге жарықтандыруға – 3 млн, ал жол жөндеуге 1 млн теңге қаражат бөлініп отыр.

Келесі мәселе – көшені қардан тазалау. Қыс келісімен Советское селосы ақ ұлпаға оранады. Боранды күні, тіпті, жолдары да жабылып қалады екен.

Жаңыл Сыздықпаева – Советское селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Бұрындары қыста жүру қиын болатын. Соңғы кездері бұл мәселе шешіліп келеді. Жүріп тұруға болады, әрине, боран болмаса. Жолымыз жабылып қалған күндер болады, бірақ онда ашады.

Мына көше бұрыннан бері қар құрсауының астында жатыр. Бұл жергілікті тұрғындардың қозғалысына кедергі келтіруде. Олар, тіпті, жақын маңдағы дүкенге жете алмай әуре.

Құрманбай Өмірзақов – Корнеевка селолық округының әкімі, Есіл ауданы:

– Бұл көшедегі қардың қаншалықты көп екенін білесіздер. Тіпті, үйдің төбесіне дейін жетеді. Сондықтан, оны ысырып тастау үшін арнайы техника қажет. Қазір біз бұл машинаға кезекте тұрмыз. Уақыты келгенде селодағы көше кеңейтіліп, қардан тазартылатын болады.

Тұрғындар тарапынан Корнеевка селолық округының әкімі Құрманбай Өмірзақовқа бірқатар сұрақтар қойылды. Ол жолданған сауалдың әрқайсысына тұшымды жауап қатуға барынша тырысты. Жалпы, бүгінде селолықтардың жағдайы жаман емес. Жұмыссыздық та біртіндеп жойылып келеді. Мәселен, 2016-шы жылдың өзінде мұнда 163 адам екі қолға бір күрек тапты. Оның 77-сі тұрақты жұмыспен қамтылған.

Айгерім Ержанова