МТРА жаңалықтары

Смирново ауылдық округының әкімі тұрғындар алдында есеп берді

Байболат Құлтанов,тілші:

– Смирново ауылдық округында 2 мыңнан аса түтін бар. Мұнда халықтың саны соңғы мәлімет бойынша 5763-ті құрайды. Өткен жылы елді-мекенде тұрғындардың тұрмысын жақсарту үшін бір қатар шаруалар атқарылыпты. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламалар қарқынды түрде жүзеге асқан.

2016 жылғы есептік кездесуде Смирново ауылдық округы әкіміне тұрғындардан селоның инфрақұрылымын дамытуға қатысты бірнеше сұрақ түскен. Әсіресе, халық елді-мекен көшелеріне жарық шамдарын тартуды сұрапты. Олар балаларының қысқы мезгілдегі таңертең және кешкі уақыттарда мектепке барып-келулерінің қиындығын айтқан. Тұрғындардың өтініші аяқсыз қалмапты.

Евгений Остертак – Смирново ауылдық округының әкімі, Аққайың ауданы:

– Қазіргі таңда Смирново селосында 432 жарық шамы бар. Оның 68-і энергия үнемдейді. Өткен жылы “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы бойынша көшелерге шамдар орнату үшін 3 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Нәтижесінде, Пушкин көшесіне 28 жарық шам орнатылды. Тағы, мұндай жұмыстар Абай, Еңбек, Жамбыл және Папанин көшелерінде де жүргізілді.

Дегенмен, селода күрмеуі шешілмеген мәселелер де баршылық. Ол басты кезекте – елді-мекен ішіндегі жолдарды жөндеуге қатысты. Былтырғы көктемде қар суы біраз көшені шайып кеткен екен. Бұл тұрғындардың жүріп-тұруларына қиындық келтіруде.

Әлия Аппасова – Смирново селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Имақов көшесінің жағдайы мүлде нашар. Көктем-күзде ол жолмен көлік тұрмақ, жаяу адам жүре алмайды. Балаларымыз толарсақтан саз кешіп, мектепке бара алмай қиналады. Бүгінгі жиынға осы мәселені айту үшін арнайы келіп отырмын.

Есептік кездесу барысында Смирново ауылдық округының әкімі Евгений Остертак елді-мекен ішіндегі көшелерге жөндеу жасалатынын айтты.

Евгений Остертак – Смирново ауылдық округының әкімі, Аққайың ауданы:

– Жолдарды жөндеу біздің басты назарымызда. Биыл 10-нан аса көшеге жөндеу жүргізіледі. Кейбіріне, қиыршық тас төселеді. Тағы, біз елді-мекен ішіне жарық шамдарын орнатуды жалғастырамыз.

Қысқы уақытта село ішіндегі жолдар үнемі қардан тазартылып тұрады екен. Бұл іске “Қамқор-Аққайың” серіктестігінің мамандары мен 2 бірлік техникасы жұмылдырыпты. Елді-мекенде жыл артқан сайын “Ақбұлақ” мемлекеттік бағдарламасы да жүзеге асуда. Қазір тұрғындардың басым көпшілігі суды өз үйінде отырып-ақ тұтынады. Бірақ, кейбірі тіршілік көзін көшелердегі калонкалардан тасуға мәжбүр.

Татьяна Долгополова – Смирново селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Жұмабаев және Партизан көшелеріндегі үйлерге су құбыры тартылса екен. Өйткені, тұрғындар тіршілік көзін жақын маңдағы калонколардан тұтынады. Қысқы суықтарда ол құдықтар жиі қатып қалып жатады. Сондықтан біздің өтінішімізді ауылдық округ әкімі ескерсе екен дейміз.

Жиын соңында Смирново ауылдық округының әкімі Евгений Остертак биылғы жоспарымен бөлісті. Оның айтуынша үстіміздегі жылы елді-мекендегі орталық саябақ жөнделеді. Бұл іске 9 млн теңге жұмсалмақ. Тағы, стадион қайта қалыпке келтіріліп, хоккей корты тұрғызылады.

 

Байболат Құлтанов