Аптадағы маңызды жаңалықтар

Вагулин ауылдық округының әкімі есеп берді

Вагулин ауылдық округының әкімі Людмила Терехованың айтуынша, округте таза ауыз су, жол, көлік қатынасы бойынша мәселелер жоқ. Нәзікжанды былтыр есептік кездесуде азаматтардан түскен өтініштерді орындадық дейді.

Людмила Терехова – Вагулин ауылдық округының әкімі, Қызылжар ауданы:

– Былтырғы есептік кездесуде 7 ұсыныс түсті. Красный Яр тұрғындары Петропавл қаласынан қатынайтын автобус сұрады. Красноярка азаматтары осеменатордың жұмысын ұзарту жөнінде ұсыныс жасады. Ал Вагулино, Кустовое және Желяково елді мекендерінің тұрғындары селоішілік жолдарды түзеуді тапсырды. Жоғарыда аталған өтініштердің барлығы орындалды.

Кустовое селосындағы клубтың іші қыста салқын екен. Тұрғындар сол ғимарат жөнделсе дейді.

Юрий Бароневксий – Кустовое селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Кустовое селосында жолдар жақсы, қыста уақытында қардан тазартылып тұрады. Көктемде көлікпен батып қиналмаймыз. Тек селолық клубымызды жөндеп берсе жақсы болар еді. Әзірге, ауылдың тыныс-тіршілігі жаман емес. Жұмыс күші жеткілікті, жастар жаппай қалаға кетіп жатқан жоқ.

Биыл Вагулин ауылдық округы әкімінің есептік кездесуінде жергілікті азаматтар басқа ұсыныстарын айтты. Соның бірі көшелерді жарықтандыруға қатысты.

Татьяна Зырянова – Кустовое селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Мен өзім әлеуметтік қызметкермін. Зейнеткерлерге қолғабыс етемін. Үй шаруасымен айналысамын. Түнде қарияларға барып жағдайларын байқаймын. Кустовое селосының шеткі көшелерінде шамдар жоқ. Түнде көшемен жүргенде тастай қараңғы.

Вагулин ауылдық округының әкімі өтініш жерде қалмайды деді. Бүгінде Кустовое селосында 311 адам тұрады. Соның 60-ы кәмелет жасына толмаған. Балалардың бос уақытын өткізетін орындары жоқ екен. Мұғалімдер әкімнен елді мекенде балалар алаңқайын тұрғызып беруді сұрады.

Ольга Лукина – Кустовое негізгі мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Біз балалар алаңқайына деп орын дайындап қойдық. Онда кішкентайларға ыңғайлы әткеншектер, сырғанақтар орнатылады деп ойлаймыз. Бұдан бөлек селода заманауи әмбебап спорт алаңы қажет. Оқушыларға шаңғы, коньки тағы да басқа спорт жабдықтары жетпейді. Оның барлығын ата-аналар өз қаражаттарына сатып алуда.

Вагулин ауылдық округының әкімі балалар алаңқайы мен спортпен шұғылданатын орын биыл салынады деп уәде берді.

Берік Қасен