МТРА жаңалықтары

Өткен жылы СҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мамандары 13,5 млрд теңгеге жететін бұзушылықты анықтаған

Нәтижесінде бірқатар олқылықтар шықты. Нақтырақ айтсақ, қаржылық есептілік, мемлекеттік сатып алу сынды заңнамаларда жіберілген қателіктер үшін жалпы сомасы 27,7 млн теңге болатын 184 әкімшілік жаза тағайындалған. Бүгінде айыппұлдың 22,5 млн-ы өндірілініп алынды.

Зәуреш Қапарова – СҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары:

– Жүргізілген аудиторлық іс-шаралармен біз жалпы 19,6 млрд теңге соманы қамтып, 13,5 млрд теңгеге жететін бұзушылықты анықтадық. Оның ішінде мемлекеттік сатып алуда 10,1 млрд, 3,4 млн теңгенің қаржылық заңбұзушылықты таптық. Нәтижесінде 114 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Айта кету қажет, өткен жылдан бастап елімізде мемлекеттік сатып алуларды тексерудің тың әдісі қолға алынған болатын. Бұрынғыдай ревизор нысандарды аралап, қағаздарды қопармай-ақ, өз орындарында арнайы компьютерлік желі арқылы қадағалай алады. Сонымен қатар, заңбұзушылық анықталғанда мекемелерге 10 күннің ішінде олқылықты жоюға мүмкіндік беріледі. Сөйтіп, былтыр осындай бақылаумен жалпы сомасы 80,8 млрд теңге болатын 8 мың 939 келісімшарт тексерілген.

Виталий Пак – СҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті мемлекеттік сатып алудың аудиті бөлімінің басшысы:


–  Мемлекеттік сатып алуларды тексергенде біз 14,7 млрд теңгенің заңбұзушылығын анықтадық. Оларды жоюға 899 хабарлама бағыттадық. Бұған үн қатпаған Петропавл қаласы, Ақжар ауданы Талшық селолық округы мен Аққайың ауданындағы Шағалалы елді мекені әкімдерінің аппарат жетекшілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кету қажет, аудиторлар бағыттаған хабарламаны елемей, кемшіліктерді уақытылы түзетпеген жауапты тұлғалар шамамен 30-дан 100 айлық есептік көрсеткішке көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

 

Риат Шони