МТРА жаңалықтары

Биыл СҚО-да су тасқыны былтырғыдан қатты болуы ықтимал

Есіл өзенінің бойында төтенше жағдайлардың орын алмауы – құтқарушылардың мойнында. Мұздай суға түсу үшін және өздеріне қасиетті суды құйып алуға өзен жағасына жиылатын жұрттың қарақұрым болатыны анық. Бірақ, мұз бетіне 200-ден артық адам шығуға болмайды. Бұл ережені біле бермейтіндер бар.

Виктор Держанский – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары:

– Біз 12-ші қаңтар күні тексергенде Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығы 20-30 см болды. Кейін бетіндегі қар тазаланғандықтан жұқаруы мүмкін. Ал, Өзен порты аумағында еш мәселе жоқ. Мұздың қалыңдығы 32-40 см. Суы да тексерілді. Ол жерде барлығы талапқа сай.

Өзен бетіне топтасып шығу салдарынан мұз ойылып ортасына түсуі мүмкін. Арнайы ойықтардың маңына 10-15 адамнан артық шомылуға болмайды. Мұның барлығын қадағалау үшін діни мереке күні таңғы 7-ден кешкі сағат 10-ның аралығында 3 техника мен 40 құтқарушы кезекшілік атқарады.

Кейін құтқарушылар солтүстікқазақстандықтарды алаңдатқан келесі мәселеге ойысты. Ол – көктемгі су тасқыны. Қазгирометтің мәліметінше биыл өңірде жауын шашын жылдағы мөлшерден 120-210 пайызға артық түскен.

Асхат Бәкішев – СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Қар ерісе су мөлшері артатыны белгілі. Бізде 2014 жылдан -бері қарай үш жыл қатарынан су тасыды. Мәселен, былтыр біз мүлде күтпеген елді мекендерді су басып жатты. Сол себепті, алдын алу шараларын қазірден бастап кеттік.

Синоптиктердің мәліметінше өңірде су тасқыны наурыздың үшінші онкүндігінде басталады. Бұл уақытта өңірдегі ауа температурасы +8 градусқа дейін жылымақ. Бұл қардың тез еруне әкеліп соғады. Ескерте кетейік, биыл өңірде су тасқыны былтырғыдан қатты болуы ықтимал. Оған қыс мезгілінде қардың шамадан тыс көп жаууы себеп. Қазір мамандар өңірде сараптама жұмыстарын жүргізіп, су астында қалуы мүмкін елді мекендерді анықтаған. Бұл тізімге 95 ауылды жер еніпті. Бұл – 4,5 мыңнан артық тұрғын мен 1500 үй.

Акбопе Танирберген