Қоғам

Қалада «Крещение» мерекесіне дайындық жүріп жатыр

Владимир – Петропавл және Булаев епархиясының епископы:

– «Крещение» мейрамында судың емдік қасиетінің барына сенуі керек. Сонда оның шипасы болады. Бұл күні жаман ойлар мен әдетерден тиылып, күнәдан арылатын амалдар қарастыру керек. Көп адам крестпен аластатылған суға шомылады.

Есіл өзені маңына жиналатын жамағаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сақтық шаралары да ұмытылған жоқ. Құтқарушылар, тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері Есіл бойында күшейтілген режимде кезекшілік құратын болады.

Сергей Черкасов – СҚО ТЖД суда жедел құтқару бөлімшесінің жетекшісі:

– Қаңтардың 19-ы толық құраммен кезекшілікке шығамыз. Мереке күні мұздың үстіне халық көптеп жиналды. Ал оның қалыңдығы болса, 20 сантиметрден аспайды. Үлкен салмақ түсе қалса, мұздың морт сынып кетуі ғажап емес. Сондықтан, құтқарушылар діндарларды сақ болуға шақырады. Сондай-ақ, бұл күні алкаголь өнімдерін ішіп алғандарға, денсаулығы нашар тұрғындарға суға түсуге тыйым салынады.

Діни мейрам күні суға шомылған соң орамалмен сүртініп, ыстық шай ішу керек дейді құтқарушылар. Мамандар шара былтырғыдай жақсы өтер деген үмітте. Өткен жылы өзен басында адам үсу фактісі болмаған.

Берік Қасен