Спорт

Петропавлда спорттық акробатикадан халықаралық турнир өтті

Андрей Ямпольский -спорттық акробатикадан мамандандырылған облыстық БЖСМ директорының орынбасары:

– Бүгінгі халықаралық жарыста 4 елден 150-ге жуық спортшы бақтарын сынауда. Акробатшылардың жас шамалары 9-бен 17-дың аралығында. Осы жылғы турнир өте қызықты өтетіне сенімдімін. Өйткені, қатысушылардың арасында әлемдік додаларда топ жарып, жеңіске жеткен мықты спортшылар бар.

Мына кілемде павлодарлық жұп – Алла Лау, Екатерина Дьяконова және Вилена Полховская акробатикалық күрделі хореографиялық қимылдар көрсетуде. 3 қыздың дайындағандары таңғаларлықтай. Қазылар алқасы спортшылардың көрсетіп жатқан акробатикалық композициясының техникасы мен әртістік қабілеттіліктерін бағалауда. Айта кетсек, қыздар осыдан 3,5 жыл бұрын жұптасып, түрлі жарыстарға бірге қатыса бастапты.

Екатерина Дьяконова – жарысқа қатысушы, Павлодар қаласы:

– Біз көп әдістерді еркін орындадық, кішкене қателіктерге бой алдырып алдық. Дегенмен тобымызбен әрқашан жақсы өнер көрсетуге тырысамыз. Біз жақында ғана Қытайда болған әлемдік сайыстан келдік. Онда 4 орынға қол жеткіздік.

Ал біздің теріскейдің намысын акробатикалық жолақта жүгіріп келіп секіру категориясында Александр Шашков қорғауда.14 жастағы Александрдың бұл спорт түріне ден қойғанына 8 жылға жуық уақыт болған.

Александр Шашков – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

-“Маған “добланжа”, “екі бұрыш” элементтерін секіру оңайға түсті. Бірақ, темп әдісіне келгенде қиналдым. Бүгінгі жарыста 1-2 ғана мықты акробат бар деп есептеймін. Намысты бермеуге тырысамын.

Халықаралық жарыстан озып шыққандар грамота және медальдармен марапатталады. Айта кету керек, бүгінде акробатика спортымен 204 солтүстікқазақстандықтар айналысады. Ал, 10-нан астам акробатшы еліміздің ұлттық құрамасының сапында.

 

Тогжан Акмагамбетова