Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елімізде барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесулері бастау алды

Нұрлан Құсайынов – Воскресеновка селолық округының әкімі, Мамлют ауданы:

– Тұрғындардан келіп түскен өтініштердің бірі 400 метр болатын мына ауылішілік жолды жөндеуге қатысты болды. Жаз айында мұнда ағымдағы жөндеу шаралары жүргізілді. Оған «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 1 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Тағы Воскресеновка халқы қаңғыбас иттердің мәселесін көтерген болатын. Бұл проблема да шешілді.

Өткен жылғы есеп беру жиынында тағы Искра ауылының тұрғындары көшелерге жарық тарту мәселесін көтерген. Ол да бүгіндері шешімін тауыпты. Ал Становое елді мекенінің халқынан сауалдар түспеген көрінеді. Бүгін Нұрлан Құсайыновтың есептік кездесуі осы ауылда өтуде. Селолық округ әкімі жыл бойына атқарған істерін баян етті.

Нұрлан Құсайынов – Воскресенока селолық округының әкімі, Мамлют ауданы:

– Селолық округте 61 шағын және орта бизнес субъектісі бар. Оларда 211 адам жұмыс істейді. Мектеп оқушылары күнделікті Воскресеновка ауылына жеткізіліп отырады. Ауыл тұрғындарынан жиналған сүт «Молкомплект» серіктестігіне жөнелтіледі. Мал сою цехы жұмыс істейді.

Қысқы уақытта жолдарды қардан тазалауға жергілікті кәсіпкерлер көмектеседі екен. Ал, ауыз су аптасына 3 рет жеткізіліп отырады. Бізді толғандырған проблема жоқ дейді елдімекен тұрғындары, сондықтан кездесу барысында сауалдар да туындаған жоқ.

Роза Даутова – Становое ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Бүгінгі жағдайымызға шүкіршілік етеміз. Отын, шөппен қамтылғанбыз. Зейнетақыны уақытылы аламыз. Дүкенге кірсең барлығы толып тұрады. Жолымыз бар. Су аптасына 3 рет әкелінсе де әзірге проблема көріп тұрған жоқпыз.

Марина Евсеенко – Становое ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Әзірге, бізді толғандыратын мәселе жоқ. Қандай да бір проблема туындап жатса уақытылы шешіледі.

Салтанат Жұман жарты жыл бұрын Становое ауылына «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмысқа тұрған. Фельдшер маман мұнда келгеніме еш өкінбеймін дейді.

Салтанат Жұман – Становое ауылының ФАП фельдшері, Мамлют ауданы:

– Медпункт жақсы. Іші жылы. Барлық медикаменттермен қамтамасыз етулген. Ауыл маған өте қатты ұнайды. Адамдары жақсы.

Мамлют ауданында 12 ауылдық округ, бір аудандық маңыздағы қала және аудан әкімін қоса алғанда биыл 34 есеп беру жиынын өткізу жоспарлануда.

Мағжан Ахмадина- тілші:

– Жалпы маңызды науқанда өңірде 656 кездесу өтеді деп жоспарланған. Бұл – тұрғындар үшін билік өкілдерімен кездесіп, оларға қордаланған мәселелерін жеткізудің тағы бір мүмкіндігі. Әзірге, есеп беру кездесулерін ауылдық округ әкімдері өткізуде. Кейін бұл көшті аудан, қала және облыс әкімдері жалғастыратын болады.

 

Магжан Ахмадина