Өнеркәсіп

“Радуга” ЖШС жылына жүгері таяқшасын өндіруді – 50, таңғы асты 100 пайызға арттырмақ жоспарда

Амир Усманов – “Радуга” ЖШС өндіріс цехының басшысы:

– Қазіргі таңда біз құрғақ таңғы асты жылына – 150, ал жүгері таяқшаларының 500 тоннасын шығаруға қауқарлымыз. Алдағы уақытта жүгері таяқшасын өндіруді – 50, таңғы асты 100 пайызға арттырмақшымыз. Шикізатты Ресейден, Украинадан және де өзіміздің жергілікті кәсіпорындардан аламыз. Біздің негізгі тұтынушыларымыз кіші жастағы балалар болғандықтан химикаттарды аса көп мөлшерде пайдаланбаймыз. Тек дәмдеуіштер қосылады.

Құрғақ таңғы астар мен жүгері таяқшаларынан бөлек кәсіпорын поп-корн, тез дайындалатын сорпа, бульон, кисель, картоп езбесін шығарады. Испан қондырғысын басқарып отырған Вадим Овсянкин нақ осы өнімдерді шетелдік аппарат арқылы өндіреді. Сұрыптаушы-оператордың мұнда келгеніне 2 жыл болыпты. Айтуынша, жұмысы қиын емес.

Вадим Овсянкин – “Радуга” ЖШС сұрыптаушы-операторы:

– Қазір біз сорпаны сұрыптаумен айналысып жатырмыз. Негізі барлық жұмысты қондырғы өзі автоматты түрде атқарады. Тек оған дұрыс пәрмендерді енгізу қажет. Сонымен, қатар шикізаттың сапасы мен салмағын қадағалап отыру керек. Жұмысым қиын емес. Ұжымдағы әріптестерім де жақсы.

Кәсіпорын ақпанның 6-сы мен 10-ы аралығында Мәскеу қаласында өтетін “Прод ЭКСПО” атты 24-ші халықарылық көрмеге қатыспақ. Онда жергілікті өндіріс ошағы жұртшылыққа өздерінің бар өнімдерін таныстырып, алдағы уақытта тауарларын экспорттаудың ауқымын кеңейтпек ниетте.

 

Риат Шони