МТРА жаңалықтары

Әдеп жөніндегі кеңестің биылғы алғашқы отырысы өтті

Дулат Тайшабай – ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы:

– Қызметтік әдеп нормасын бұзған 11 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 2 азамат жұмыстан босатылды. Тағы екеуіне сөгіс және тағы 3-не қатаң сөгіс жарияланды.

Бұдан соң кеңес мүшелері тауық жылындағы алғашқы тәртіптік істі қарауға көшті. Бұл жолғы іс ветеринарлық қадағалау және бақылау Комитеті Ғ.Мүсірепов ауданының аумақтық инспекциясының басшысы Жомарт Құрманов пен оның әріптесі – санитарлық инспектор Әлібек Рамазановқа қатысты. Прокурорлардың айтуынша, олар тиісті нормаларды орындамаған шаруа қожалығының иесін жауапқа тартпаған.

Бекәлі Ашетов – Ғ.Мүсірепов ауданы прокуратурасының аға прокуроры:

– Өткен жылдың тамыз айында аудандық ветеринария бөлімі ауру малдарды санитарлық талапқа сай сою туралы «Малая Бобровка» шаруа қожалығына қатысты ұйғарым шығарады. Бірақ, соған қарамастан, Сальньиков мырза барлық ірі қараны көрші Қостанай облысына апарған. Ветеринария бөлімінің жетекшісі амуақтық инспекциясының басшысын бұл іске қатысты ақпараттандырған. Сәйкесінше, ол шаруа қожалығының иесін әкімшілік жауапкершілікке тартуы тиіс еді. Бірақ, ол орындалмаған.

Ал Жомарт Құрманов прокурорлар бұл іспен толық таныспағандығын айтуда. Шаруа қожалығының иесі Солтүстік Қазақстаннан Қостанай облысына өз бетінше ірі қараны апарғаны рас. Бірақ, малдардан ешқандай бруцеллез ауруы табылмапты. Сараптама нәтижелері де бұны дәлелдеп отыр дейді ол.

Жомарт Құрманов – ҚР АШМ Ветеринарлық қадағалау және бақылау комитеті Ғ.Мүсірепов ауданының аумақтық инспекциясының басшысы:

– Қостанай облысында тиісті сараптамалар жасалды. Ірі қарада ешқандай ауру анықталған жоқ. Қазір бұл іспен біздің қостанайлық әріптестеріміз айналысуда.

Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері аталған іске қатысты азаматтардың барлығын тыңдады. Нәтижесінде олар өз жұмыстарын тиісінше орындамаған мемлекеттік қызметкерлерге ескерту жасап тарқасты.

 

Айгерим Ержанова