МТРА жаңалықтары

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары М.Жұмабаев ауданында болды

Мұнда олар дүкен сөрелеріне қойылған өнімдермен танысты. Қазір бұл қоймада қазақстандық және ресейлік 8 мыңнан астам тауардың түрі сатылады екен. Бұдан соң меймандар «Атнес-Зерно» серіктестігіне ат басын бұрды. Қазір бұл диірменде күніне 60 тонна ұн өндіріледі.

Мәулен Әшімбаев – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:


– Из тонны пшеницы, сколько тонн муки?


Атылхан Адикеров – «Атнес-Зерно» ЖШС»:


– Из 1 тонны пшеницы мы получаем 7 тонн муки. Из них 12% высший сорт.

Ал мынау Булаево қаласындағы май зауыты. Бүгінде «Пальчик» ЖК-нің тауары күллі Қазақстанға, тіпті көршілес Ресей еліне танымал. Жергілікті тұрғындар арасында да зор сұранысқа ие. Қазір мұнда 16 түрлі өнім өндіріледі. Мәселен, жазда кәсіпорын тәулігіне 2 тонна май мен 1 тонна қышқыл сүт өнімдерін шығарады. Жергілікті кәсіпорындардың жұмысымен танысқан депутаттар өздерінің оң бағаларын беріп, кәсіпкерлердің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Мәулен Әшімбаев – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Жалпы СҚО-нда тұрғындардың тұрмысы жақсы. Облыс, аудан әкімдері жұмыс жасап жатқандығы көрініп тұр. Инвестиция тарту жағы да алда. Кәсіпкерлердің де жұмысы өркендеуде.

Кейін мәжілісмендер М.Жұмабаев аудандық орталық ауруханасына барып, мұндағы ақ халаттылардың жұмысымен танысты. Қазір аталған мекемеде 30 мыңға жуық адам тіркеуде тұр. Күн сайын 37 білікті маман 300-ден астам тұрғынды қабылдайды екен.
Бұдан соң, Мәжіліс депутаттары аудан тұрғындарымен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады. Ең алдымен жиылғандар Булаево қаласы арқылы өтетін Есілкөл-Петропавл бағытындағы электр поезы мәселесін көтерді. Өйткені биылдан бастап бұл бағыттағы аталған көлік түрі өз жұмысын тоқтатқан еді. Оған себеп, Оңтүстік Орал теміржолының Петропавлдағы бөлімшесі, енді Ресей теміржолының филиалы болмақ. Сондықтан қала маңындағы бағыттарға электрпоездары алынып тасталған. Аудан әкім электр поезы аудан азаматтары үшін өте қажет дейді.

Асқар Бегіманов – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Тұрғындардың дені облыс орталығында қызмет жасайды. Таңғы 5:30-да жолға шығып, сағат 8 бен 9 арасында Петропавлға алаңсыз жетеді. Сонымен қатар, аудан тұрғындары өз өнімдерін РФ барып, саудалайды. Бұл да олар үшін табыс көзі ғой. Сондықтан, біз осы проблеманың шешімін табу жолында аймақ басшысына бірден жүгінген едік.

Мәселені бірден облыс әкімі Ерік Сұлтанов өз бақылауына алып, «Қазақстан Теміржолы» ұлттық компаниясымен келісім орнатты. Алдағы уақытта электр поезы қайта қатынай бастайды дейді аймақ басшысының орынбасары Айдарбек Сапаров. Ол үшін облыс бюджетінен биыл 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінбек.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Электр поезы бұрынғыдай жүретін болады. Бірақ, күніне бір реттен. Ол үшін біз ең алдымен поездың қай бағыттан және қай уақытта шығатыныны шешіп алуымыз керек. Таңертең Петропавл қаласынан ба, жоқ әлде керісінше, Есілкөлден шыққан ыңғайлы ма? Бұны біз аудан әкіміне халық тұрғындарымен кездесіп шешуді тапсырдық.

Келесі сұрақ – шекарадан өту мәселесі. Аудан тұрғындары халық қалаулыларына көршілес Омбы облысына бару үшін кеденде 7-8 сағат бөгелетіндіктерін жеткізді. Мәселенің анық-қанығын білу үшін Мәжіліс депутаттары «Қарақоға» кеден бекетіне барып, мұндағы тыныс-тіршілікпен танысты. Шынымен, жоғарыда аталған мәселе бар. Оның себебі де жоқ емес. Бүгінде өңірде шекарашы мамандар тапшы көрінеді. Мәселен, қазір мына кеденде 37 әскери бар.

Нұртай Танқаев – ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2032 әскери бөлімінің командирі:

– Бірақ адам саны мен көлік ағыны көп бекет болғандықтан, бұл жерде заң жүзінде 150-ге тарта шекарашы болу керек. Бұл екі ел арасында қатынайтын азаматтардың кеденде ұзақ уақыт бөгелуінің бір себебі. Күніне «Қарақоға» бекетінен 1 мыңнан астам адам өтеді. Ал жазғы уақытта олардың саны 4 мыңға дейін жетеді. Сондықтан қызметкерлерге қатысты мәселе шешілсе екен дейміз.

Бекеттердегі мамандардың жетіспеушілігін халық қалаулылар Үкіметке жеткізіп, аталған мәселені шешуге тырысатындықтарын айтты.
Айту керек, жыл соңына дейін мұнда шекарадан өткізу мүмкіншілігін арттыру жоспарланған. Өйткені биыл бекет қайта жаңғыртылмақ. Енді Қазақстан мен Ресейге өтетін 2 жолдың әрқайсысында 4 жолақтан болатын болды. Жоба құны – 759 млн теңгені құрады. Жалпы қазір СҚО-нда 11 шекара бекеті мен 7 шекара пункті бар.

Айгерім Ержанова