Спорт

26-қаңтарда Петропавлда Универсиада алауы жағылады

Әлемнің 50 елінің спортшы жастары қатысатын дүбірлі доданың басталуына небары 17 күн қалды.

Руслан Есеналин, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Беделді студенттік спорттық ойындар универсиадасы Алматыда 28-қаңтар мен 8-ші ақпан аралығында өтеді. Оған әлемнің 50 елінен 5 мыңнана астам спортшы қатыспақшы. Қазақстанның намысын 170 спортшы қорғамақ.

Ел құрамасының қатарына 8 солтүстікқазақстандық енген. Конькимен жүгірушілер – Роман Креч, Федор Андреев, Татьяна Климчук, Иван Аржанников, Светлана Мальцева мен Мария Громова. Ал шаңғы жарысына Ринат Мухин шықса, Дмитрий Гарагуль керлингтен асығын алшысынан түсіруге тырыспақ. Трамплиннен секіру, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, хоккей, биатлон, шорт-трек. Жалпы байрақты бәсекеде спортшылар 12 қысқы спорт түрі бойынша бақ сынасады.

Руслан Есеналин, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Спорттық сайыстар Алматыдағы 8 бірдей спорт кешенінде өтеді. Біздің солтүстікқазақстандық спортшылар қазір Алматыда жаттығып жатыр. Барлығы дайын. Олардан үлкен үміт күтеміз. Біздің конькимен жүгірушілердің көрсетіп жүрген көрсеткіштері әрдайым жақсы. Бірақ, бізде шаңғы спорты кенжелеп келеді. Бұл сынға аттанған Ринат Мухиннің көрсеткіші осал болмайды деп сенеміз. Ал, керлинг бізде 4 жыл бұрын ғана пайда болды. Соған қарамастан үкілеп жіберген Дмитрий Гарагуль жетістікпен келеді деп ойлаймын.

Еске сала кетейін, дүбірлі дода басталмас бұрын Қазақстанның барлық өңірлерін универсиада алауы аралап өтпек. Бірінші болып алау қаңтардың 24-де Астанада тұтанады. Ал, Петропавлға 26-шы қаңтарда жеткізіліп, дәл осы күні 12:00-де СҚМУ-нің бірінші корпусында жағылмақ. Оны өңір мен спорттың дамуына үлес қосқан жандар, студенттер қаланың басты көшелері мен көрікті жерлерінен алып өтеді. Мұндай құрмет теріскейлік 60 адамға бұйырған. Оның қатарында Бауыржан Құлжанов та бар.

Бауыржан Құлжанов, спорт ардагері:

– Универсиада – барлық қазақстандықтар үшін өте маңызды шара. Студенттер арасындағы дүниежүзілік жарыс еліміздегі спорттың дамуына себеп болмақ. Біздің спортшылар алдыңғы қатарлы орындардан көрінеді деп сенеміз.

Универсиада алауын бірінші болып өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов алып өтеді. Эстафетаны ел намысын түрлі халықаралық сындарда дзю-додан қорғап жүрген чемпион қыз Назгүл Маратова тұйықтамақ.

Акбопе Танирберген