Спорт

Жергілікті “Құлагер” ХК алматылық “Алматы” құрамасына есе қайтарды

Хоккейшілеріміз қанша шабуылдағанымен бірден қонақ қақпаның кілтін таба алмады. Керісінше алғаш болып, алматылықтар есеп ашты. Кездесудің 5-ші минутында Сергей Егоров көзге түсті. Көп кешікпей оңтүстік астаналықтар сапындағы Владимир Шепелев таблодағы басымдықты 0-де 2-жеткізді. Бұл шайбадан соң құлагерліктер ес жиғандай болды. Шабуылға қарқын қосқан солтүстікқазақстандар, Егор Шастиннің көмегімен есепті қысқартты.

Сонымен алғашқы период 1-де 2 есебімен аяқталды.

– Екінші периодта құлагерліктер міндетті түрде жеңіске жетеді. Мен оған сенімдімін. Кем дегенде қонақтардың қақпасына 2 шайба салады.

– Біздікілердің ойыны жақсы. Бірақ, өз мүмкіндіктерін пайдалана алмай жатыр.

Келесі кезеңді құлагерліктер әдеттегідей қарқынды бастады. Периодтың небәрі 22-ші минутында Евгений Чемерилов таразы басын теңестірді. Көп кешікпей тіпті, жерлестеріміз алға да шықты. Бұл жолы шабуылшы Илья Ахметов шайба авторы атанды. Дегенмен, теріскейліктердің қуанышы ұзаққа созылмады. Периодтың дәл ортан белінде Максим Орлов қақпамыздан саңылау тапты. Сонымен есеп 3-те 3. Бұл қос кезеңнің қорытындысы.
Шешуші кезеңде жерлестеріміздің жолы болды. Матчтың 50-ші минутында Александр Поляков шайбаны қонақтар қақпасына дарытты.

Осылайша теріскейліктер 4-те 3 есебімен жеңіске жетті.

Лукаш Мартинка – “Құлагер” ХК қорғаушысы:


–  Алғашқы периодта бірнеше қателік жібердік. Бірнеше ұтымды сәттерді жүзеге асыра алмадық. Кейін еш жидық деп айта аламын. Жаттықтырушылардың ақыл-кеңесінің арқасында жеңіске жеттік. Бізге қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысымды білдіремін.

Ойыннан соң “Құлагер” ХК 65 ұпаймен турнирлік кестенің 5-ші сатысына тұрақтады. Енді, жерлестеріміз келесі кездесуін қаңтардың 13 мен 14 күндері өз мұз айдынында өткізбек. Бұл жолы Петропавлға қонаққа елордалық “Астана” құрамасынің жігіттері келеді.

Култанов Байболат