Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданындағы бірқатар зауыттардың өндіріс қуаттылығымен танысты

Қайыржан Айсин – “Вторсырье” ЖШС директоры:


– Станцияның өндіріс қуаттылығы жылына 20 мың тонна. Тағы 28 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы біз «Даму» арқылы 5 жылға 7 пайыздық үстемеақымен 20 млн теңге несие алдық. Мемлекет қолдауының арқасында ісіміз алға басуда.

Былтырғы жылдың басында іске кіріскен өндіріс станцияның жұмысымен бүгін аймақ басшысы Ерік Сұлтанов танысты. Алдағы жоспарларымен бөліскен серіктестік директоры Қайыржан Айсин жуырда қондырғының жанынан ангар тұрғызып, жұмысшылардың санын арттыратындығын жеткізді.
Өңір жетекшісі Ерік Сұлтановтың келесі аялдаған нысаны “Алаугаз-СК” серіктестігі болды. Негізі 2013-ші жылы құрылған кәсіпорын бұрындары керамикалық кірпішті өндірумен айналысқан. Ал былтырдан бастап силикат кірпішін жасауға көшіпті. Әзірге, тауар сертификатталмаған екен. Бұны облыс әкімі ақпан айына дейін шешуді міндеттеді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ақпанның бірі күні толық қуатқа өту қажет. Өндірілген кірпіштер үй салу құрылысына сатып алынады.

Бұдан кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов Орман шағын ауданында құрылысы жүріп жатқан балабақшамен танысты. 140 орынға шақталған мектепке дейінгі біліммен қамту ошағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынуда. Аймақ жетекшісі мердігер компания басшысы Гарик Бернецянға құрылысты мерзімінен бұрын аяқтауға күш салуды тапсырды.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрылысты шілденің 1-іне дейін аяқтасаңыздар жақсы болар еді. Қазір сізде тек девальвация қаупі ғана алаңдатады. Одан өзге еш проблема жоқ. Сол себепті жұмыс істеңіздер.

Өңір басшысының ең соңғы аялдаған нысаны Қызылжар ауданындағы “Стройкомплекс KERAMOS” серіктестігі болды. Кірпіш шығарумен айналысатын өндіріс ошағы 2015-2016-шы жылдары тұралап қалған болатын. Енді ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап алғашқы желісін іске қоспақ. Облыс әкімі өндірілген құрылыс материалына сұраныс болатынын айтты.

Риат Шони