МТРА жаңалықтары

Жыл басынан өңірде 1500-ден астам адам тіркеуге тұрған

Бүгінде аталған орталық мамандары 12 сағаттық жұмыс күніне көшіп, облыстық Көші-қон басқармасының қызметкерлерімен қоян-қолтық жұмыс жасауда. Мәселен, жыл басынан бері 1500-ден астам адам тіркеуге тұрған.

 

Айгерім Ержанова, тілші:

–  Енді тұрғылықты жерінен тысқары жаққа бір айдан асатын мерзімге барған әр қазақстандық уақытша тіркеуге тұруы керек. Ол үшін ХҚКО-на келіп тиісті құжаттарды рәсімдеп, мемлекеттік баж салығы ретінде 227 теңге төлеуі тиіс. Бұл талап қонақ үйде тұрып, өзге қалада жұмыс істейтін және өзге қалада ауруханада ұзақ емделіп жатқан азаматтарға да қатысты.

Сондықтан, қазір азаматтар жаппай ХҚКО-на барып уақытша тіркеуге тұруда. Мәселен, жыл басынан бері өңірде 1500-ден астам адам жаңа заңға сай құжаттарын рәсімдеген. Оның 444-і дүйсенбі күні тіркеуден өтіпті. Қазір орталық қызметкерлері адамдарды қабылдау үшін түскі үзіліссіз, уақытша 12 сағаттық режимге көшкен.

Ержан Қабдөшов – Петропавл қаласы ІІБ Көші-қон полициясы бөлімінің аға инспекторы:

– Мұнда тағы қосымша 3 жұмыс орны ашылды. Енді 5 маман азаматтарды қабылдап тіркеуге тұрғызып жатыр.

Заң бәріне ортақ. Сол себепті, қажет болса әрбір қазақстандық уақытша тіркеуге тұруы шарт. Мейлі, сіз туған-туыстарыңызға келіп қонақ болсаңыз да, жұмыс бабымен бір айдан астам уақытқа басқа қалаға келсеңіз де талапты орындау қажет. Бірақ, Көші-қон полициясы басқармасының мамандары пәтер-пәтерді аралап, азаматтардың мазасын алмаймыз дейді.

Еркетай Тұтқышов – СҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы:

– Егер де көршілер шағымданып жатса ғана уақытша тіркеуді тексереміз. Арнай үй-үйді аралап тексеріс жүргізіп, айппұл салмаймыз.

Жоғарыда аталған талаптарды орындамағандар 7 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады. Бұл шамамен 16 мың теңгені құрайды. Еске сала кетейік, айыппұл уақытша тіркеуге тұрудан бас тартқан тұлғаларға ғана емес, пәтерінде тұрып жатқан адамдарды тіркеуге қоймаған жалға берушілерге де салынады. Оның құны 22 мың теңгеден асады.

Айгерім Ержанова