Аптадағы маңызды жаңалықтар

Халық қалаулылары Тайынша ауданында болды

Негізі сонау 90-шы жылдары қаланған нысан тек 2013 жылы ғана жаңғырту көрген. Қазір қазандық майлы дақылдар өнімдерінен қалған қалдықтардың көмегімен жағылады. Жылумен 1500-нан астам тұрғыны бар ауылдың 30 пайызы, мектеп, балабақша және өндірістік нысандар қамтылады екен. Кейін халық қалаулылары «Тайынша-Астық» серіктестігінің сүт-тауарлық кешеніне ат басын бұрды. Мұнда 23 адам жұмыс істейді.

Сергей Кульчицкий – «Тайынша-Астық» ЖШС сүт-тауарлық кешенінің меңгерушісі, Тайынша ауданы:


–  Бізде 1200 бас сауын сиыр бар. Карусель қондырғысы бір ретте 50 сиырды саууға қауқарлы. 2016 жылы бір сиырдан 2805 литр сүт алдық. Алынған ақты күн сайын сүт зауыттарына жөнелтеміз. Өзіміздің сыйымдылығы 20 тонналық екі танкеріміз бар.

Жалпы серіктестікте 2 мың 750 бас ірі қара мал бар.
Бұдан соң депутаттар Ильичевка ауылына аттанды. Олар ең алдымен «Ильичевка-Астық» серіктестігінің жұмысымен танысты. Элеватор 43 мың тонна астық қабылдауға қауқарлы. Мұнда дәнді-дақылдарды кептіріп, өңдеуге арналған екі желі жұмыс істейді.

Денис Аникин – «Ильичевка-Астық» ЖШС құрылтайшысы, Тайынша ауданы:

– Өткен жылы 63 мың тонна өнім қабылдап экспорттасақ, осы маусымда яғни, тамыз айынан бастап 36 мың тоннаны қабылдадық. Негізінен, ол – майлы дақыл өнімдері. Біздер тауарды әлемнің 12 еліне экспорттаймыз. Ол – Еуроодақ елдері, Қытай, Монғолия сынды мемлекеттер.

Мұнда негізінен түрік пен ресейден жеткізілген қондырғылар орнатылған. Тағы дәнді-дақылдарды тазартуға арналған автоматтандырылған фотосепаратор бар. Депутаттармен кездескен кәсіпорын басшылары өз жоспарларымен де бөлісті. Келешекте олар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін, қоспа жем дайындайтын зауыт салмақ ниетте.
Меймандар аялдаған соңғы нысан «Тайынша-май» зауыты болды. Серіктестік жылына 300 мың тонна майлы дақылдарды өңдеуге қауқарлы. Ашылғанына бір айдан астам ғана уақыт өтсе де кәсіпорын 1000 тоннадан астам май өндірген.

Дәурен Тұрапбеков – «Тайынша-май» ЖШС директоры Тайынша ауданы:

– 4 мың тонна рапсты өңдеп одан 1200 тонна май алдық. Жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін шаруашылықтармен келісім жасасып, тағы 5 мың тонна рапс алдық. Жұмыс жақсы қарқынмен жүріп жатыр.

Мұндағы процесс толығымен автоматтандырылған. Халық қалаулылары зауыттың әлеуеті зор екендігін айтты.

Мұрат Теміржанов – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Кәсіпорын жергілікті шаруалардан рапстың тоннасын 115-130 мың теңгеге сатып алып жатыр екен. Бұрын біз мұндай бағамен тек өнімді экспортқа шығарғанда ғана алатынбыз. Бұл ала жаздай тер төгіп, жерге дән сіңірген диқандар үшін, әрине жақсы болып отыр. Яғни, аграрийлеріміз шығындалмайды. Зауыт зығыр, рапсты қабылдайды, сондықтан оның болашағы зор деп білемін.

Жалпы өңірге келген халық қалаулылары «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасының орнына қабылданғалы жатқан агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жобасын түсіндіріп, аграрийлердің осы орайдағы пікірін білмек. Тағы олар тұрғындарға «Нұрлы жер» бағдарламасының мүмкіндіктері жайлы айтуда.

Мұрат Теміржанов – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 

Бұл – жаңа бағдарлама. Оның ішінде тұрғындарды жұмыспен баспанамен қамту, жер беру сынды көптеген сауалдар кіреді. Жалпы біздер соңғы уақытта қабылданған барлық заң жобаларын халыққа түсіндіріп, олардың ой пікірлерін білуге келдік. Егер ұсыныс-тілектер болса, оны біздер жұмыс орнымызға барып, әріптестерімізбен талқылап, құжатқа өзгертулер мен толықтырулар енгізе аламыз.

Теріскейге жұмыс сапарымен келген 5 депутат өңірімізде апта соңына дейін аялдамақ.

Магжан Ахмадина