МТРА жаңалықтары

Су қоймалары мен аңшылық алқабын жалға алатындарға құжатты ресімдеу бойынша кеңес берілді

Бүгінде облыс аумағында 200 су қоймасы мен 14 аңшылық алқабын бекітіп беру жөніндегі конкурсқа қатысуға өтініштер қабылдануда.

Ерлан Ташимов – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:


– Су қоймасын бекітіп беру жөніндегі конкурсқа өтініштер қаңтардың 11-іне дейін қабылданады. Ал аңшылық алқабын бекітіп беру жөніндегі байқау қаңтардың 16-сына дейін жалғасады. Конкурсқа қатысу талап-ережелері туралы мәліметтің барлығын облыстық әкімдік пен табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының сайтынан көруге болады. Өтініштер Парк көшесі, 57В мекен жайында бойынша орналасқан Аграрлық үйде қабылданады.

Су қоймасы мен аңшылық алқабын жалға алатындарға талап жоғары. Балық және аң аулауға қажетті материалдар және техникалардың барлығы солардың атында болуы тиіс. Бұдан бөлек жеке кәсіппен айналысқысы келетіндердің мойнында қарыздары болмағаны жөн.

Асхат Ауқатов – СҚО прокуратурасы 1-шi басқармасының бастығы:

– Өтініш берушілердің атында несие және салық бойынша қарызы болмауы тиіс. Оған қоса су қоймасы мен аңшылық алқабын жалға алушылар алдағы бірнеше жылға жоспар түзіп алуы қажет. Бүгін жұмыс тобының 3-ші отырысында кәсіпкерлерге құжаттарды дұрыс ресімдеу тәртібі мен табиғат ресурстарын тиімді пайдалану жолдарын үйретеміз.

Отырыста азаматтар кәсіпкерлер палатасының мамандары, өңір прокурорлары, мемлекеттік қызметшілер, қаржыгерлер мен заңгерлерден кеңес алды. Аталмыш консультативтік-кеңестік орган аудандарға да шықпақшы. Бұл шара “Кәсіпкерлікті қолдау жол картасы” жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр екен.

Берік Қасен