МТРА жаңалықтары

СҚО-да ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды

Оған қоғамдық ұйым жетекшілері, депутаттар, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың өкілдері мүшелік етеді. Консультативтік-кеңестік орган тұрғындар мен бизнесмендердің шағымын қабылдап, соның негізінде жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын қадағаламақ.

Жеңіс Қазиев – ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының төрағасы:

– Ведомствоаралық жұмыс тобының жұмысы ашық болады. Аталмыш топ халықпен байланыс орнатып, мемлекеттік органдарда болатын келеңсіздіктерді азайтуға септеспек. Тұрғындарға нашар қызмет көрсеткен лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар беріледі.

Отырыс барысында ведомствоаралық жұмыс тобы І жарты жылдықтың жосарын бекітіп, өткен жылда осы бағытта атқарылған істерге тоқталды.

Еркін Жақсылықов – ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті мемлекеттік қызмет көрсету басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Былтыр мемлекеттік қызмет көрсету басқармасы мемлекеттік органдарда 11 тексеріс өткізді. Заңбұзушылықтар анықталып, оны жою бойынша тиісті органға 28 ұсыныс жіберілді. Өткен жылы жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, 88 жергілікті атқарушы органның барлығы 107 мың мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты құқықбұзушылық жасағанын анықтадық. Соған сай 334 ұсыныс жасалды. Бұл олқылықтар қадағалаудың және ішкі бақылаудың аздығынан орын алған.

Сондай-ақ, өткен жылы тұрғындардың өтініші негізінде 8 жоспардан тыс тексеріс жүргізіліпті. Нәтижесінде бірнеше лауазымды тұлға сөгіс алып, қызметіне толық сай емес деп танылды.

Берік Қасен