МТРА жаңалықтары

СҚО-да боранды күні жолдан адасып кеткен ана мен бала құтқарылды

15 жыл бойы ол өз мемлекетімен Қазақстан арасында тауар тасумен айналысып келеді. Осы уақыт аралығында ол біздің өңіріміздің климаттық ерекшелігін де жақсы танып алған. Сондықтан, қыс келісімен жүргізуші Иван Ерш көлігін сайлап, Қазақстандағы қытымыр мезгілге қызу дайындық жүргізеді екен. Қазір ол Астанадан Петропавл қаласына бет алған.

Иван Ерш – көлік жүргізуші:


–  Қазақстанның қысы қандай болатынын білеміз. Сондықтан, біз алдын ала дайындаламыз. Сіздерге келсек, көліктер топтасып жүреді. Яғни, бірнеше машина жолға бір уақытта шығуға тырысамыз. Бұл өзімізге жеңіл. Егер де жолда төтенше жағдай орын алса, бір-бірімізге көмектесуге тырысамыз. Мәселен, бүгін таңертең бір көлікті үшеуіміз бірігіп қыздырдық. Ол үшін әрқайсымызда керекті құралдар бар.

Жүргізушілер жолда қалмаудың амалын ойлап жүрсе, жаяу жүргіншілер оны мүлдем ұмытқан сыңайлы. 33 жастағы Венера Великанова қаңтардың 8-і күнін жадында ұзаққа сақтамақ. Өйткені, дәл осы күні таңғы сағат 11-лер шамасында ол 7 жасар ұлымен жолға шығады. Баласын Мамлют ауданындағы интернатқа апарып салмақ болған ана 11 км-ді артқа тастап, қатты көтерілген боранда алған бағытынан адасып кетеді. Діттеген жерлеріне жетуге 5 шақырым қалғанда, екеуінің әлі құрып, жолда қалады. Кешкі 5-тердің кезінде бірақ нәзікжанды 112 нөміріне хабарласып, көмекке шақырады. Құтқарушылар мен тәртіп сақшылары ана мен баланы 3 сағаттан артық уақыт іздейді.

Қайсар Қанафин – СҚО ІІД ЖПҚ аға инспекторы:


–  Хабар келген соң құтқарушылар мен тәртіп сақшылары бірден іздеу жұмыстарына кірісті. Ол үшін 6 бірлік техника мен қарда жүруге арналған көліктер жұмылдырылды.

Ана мен бала ауруханаға уақытында жеткізілген. Қазір жағдайлары бірқалыпты. Дәрігерлердің айтуынша, құтқарушылар бір сағатқа кешіккенде онда екеуінің де өмірін сақтап қалу мүмкін болмас еді дейді.

Анатолий Рафальский – Тайынша аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

– Қазір баланың жағдайы жақсы. Таңертең қауіп-қатер сейілді. Ол үшін біздің анестезиолог пен реаниматологымыз қолдан келгендерін жасады. Бірінші кезекте алғысты ана мен баланы құтқарған полковник Петр Мартынюкке білдіру керек. Ол өз өміріне қауіп төндіре отырып, өзгенін жанын сақтауға тырысты. Құтқару барысында тәртіп сақшысы бірнеше мәрте құлап, иығын шығарып алса да іздеуді жалғастырған.

Полицейлер мен құтқарушылар солтүстікқазақстандықтарға күн суықта және қатты борандарда жолға шықпауға кеңес береді. Өйткені, бұл әрекет сіздің және жақындарыңыздың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

 

Айгерім Ержанова