МТРА жаңалықтары

Облыс аумағында қар құрсауында қалған 400-ге жуық адам мен 107 техника құтқарылды

Бұл қарды қала сыртына шығаратын 4-ші Камаз болмақ. Коммуналдық қызметкерлер облыс орталығының әр жерінде жұмыс істеуде. Таңсәріден қаланың бас көшесін “Коммунхоз-Петропавл” серіктестігінің екі бірдей бригадасы қардан аршуда. Бұл – шамамен 50 адам.

Нина Зрожевская – “Коммунхоз-Петропавл” бригадирі:


–  Қазір барлық бригадалар күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде. Жай күндері 30 адам еңбек ететін. Бүгін енді қардың көптігіне байланысты екі бригада жұмылдырылды. Біреуі таңғы алтыдан, екіншісі сағат тоғыздан бастап іске кірісті.

Демалыс күндері жауған ақ ұлпа теріскейліктерді біраз әбігерге салғаны анық. Дегенмен де қар аршу жұмыстары уақытылы жүргізіліп жатыр дейді тұрғындар.

–  Қар көп жауды. Бірақ, жолдар уақытылы тазалануда. Таңертең шықсам көшелер таза.

– Коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері күннің суығына қарамастан өз жұмыстарын жақсы атқарып жатыр.

Өңірде ауа райының күрт құбылуы құтқарушылар үшін де сын сағатқа айналды. Боранның соғуына байланысты қаңтардың 8-і күні 400-ге жуық теріскейлік қар құрсауында қалды. Мұндай оқыс оқиғалар Мамлют, Айыртау, Шал ақын мен Ғ.Мүсірепов аудандарында тіркеліпті.

Евгений Журавлев – СҚО ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы:

– Демалыс күндері барлық солтүстікқазақстандықтарға дауылды ескерту жайлы 417 мыңнан астам СМС хабарлама жолданды. Дегенмен де оқыс оқиғалар орын алды. Облыс жолдарында 9 қар құрсауында қал жағдайы тіркелді. Ондағы адамдарды құтқаруға 11 бірлік техника мен жеке құрамның 24 адамы жұмылдырылды. Кеше барлық бағыттағы жолдар жабық болды. Ал бүгін ашылды.

Қар тынымсыз жауғанымен шамадан тыс аспапты дейді синоптик мамандар. Бұл қаңтар айындағы қалыпты жағдай екен.

Татьяна Марьина – СҚО гидрометеорология орталығының инженер-синоптигі:

– Демалыс күндері облыс аумағының кей жерлерінде 1 мен 9 мм аралығында қар жауды. Бұл – қаңтар айының алғашқы онкүндігінің шамасы. Ал Петропавл қаласында қалыңдығы 5-7 мм ақ ұлпа жауды. Сонымен қатар, өңірде көру аралығы 500 метр болатын боран болды.

Жалпы қыс мезгілінде қала көшелерін қардан аршумен 10 кәсіпорын айналысады. Бұл жұмыстар көлік кептелісін туғызбау үшін таңертең және кешкілік уақыттарда жүргізіледі.

Ғали Абдрашев – Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы:


–  Қар аршу жұмыстарына 108 бірлік техника жұмылдырылады. Оның 39-ы – арнайы техника. Қаңтардың 1-і мен 9-ы аралығында қала сыртына 43 мың текше метр ақ ұлпа шығарылды.

Жалпы коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері қараша айынан бері қала көшелерінен 300 мың текше метр қарды сыртқа шығарыпты.

Риат Шони