Мәдениет

Петропавлда VII-ші “Рождестволық қиял” байқауының жеңімпаздары анықталды

Биыл аталған шара осымен 7-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Сайыстың алғашқы кезеңіне облысымыздың дарынды ұл-қыздарынан 250-ден аса жұмыс келіп түсіпті. Оның ішінен қазылар алқасы тек үздік деген туындыларды таңдап алған.

Инна Рипачева – «ЮНЕСКО Клубы» көркемөнер лицейiнiң директоры:

– Байқаудың алғашқы кезеңі желтоқсан айында өтті. Бұл конкурсқа ережеге сай 4-пен 18 жас аралығындағы суретшілер қатысты. Бізге келіп түскен жұмыстардың ішінен үздік деп 40 туындыны таңдадық. Олардың барлығы тамаша деуге болады. Суреттердің салыну барысына, тақырыптың ашылуына, бояудың қанықтығына аса мән бердік.

“Рождестволық қиал” байқауының жеңімпаздары 4 жас ерекшелігі бойынша марапатқа ие болды. Оларға диплом және бағалы сыйлықтар табыстылды.

Байқауда Алена Скрипниктің “Рождестволық хор” туындысы да топ жарды. 16 жастағы қылқалам шебері бала күннен сурет салуға құмар. Ол өзінің картинасында Жаңа жыл мерекесінде ән салып жатқан адамдарды бейнелепті.

Алена Скрипник – байқау жеңімпазы, №4 орта мектептің 10-сынып оқушысы:

– Суретімді гуашпен салдым. Жұмысты шамамен 4-5 күннің ішінде аяқтадым. Өзіме туындым ұнады. Байқауда жеңімпаз атанғаныма қуыныштымын.

Облыстық бейнелеу өнері мұражайында “Рождестволық қиял” байқауы жүлдегерлерінің суреттері мен қолөнер жұмыстары ақпан айының 6-шы жұлдызына дейін көрермен назарына ұсынылады.

 

Байболат Құлтанов