МТРА жаңалықтары

Мемлекет өңір кәсіпорындарына қаржылай қолдау көрсетуде

Оның ерекшелігі сол, мұнда балықты қайта өңдейтін бөлек цех бар. Ресейден сатып алынған қондырғыларда аспаздар неше түрлі теңіз балықтарын түтінге қақтайды. Цехты жабдықтау үшін “Белуга Голд” серіктестігі мемлекет қолдауына жүгініп, арзан несие алыпты.

Людмила Волкова – “Белуга Голд” ЖШС директорының орынбасары:

– Балық өндірісін ұйымдастыру үшін ІІ-деңгейлі банктен 8 млн теңге қарыз алдық. Заемды жылдық 11 пайыз мөлшерлемесімен ресімдедік, жылдық ставканың 10 пайызын мемлекет субсидиялайтын болды. Несиені бізге Даму қорының мамандары арзандатып берді. Бұл ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін үлкен жеңілдік деп ойлаймын. Біз қаражаттың барлығын қажетті қондырғыларды сатып алуға жұмсадық. Оның ішінде тоңазытқыш пен мұздатқыштар бар.

Былтыр құрылған “Белуга Голд” серіктестігінде бүгінде 13 адам жұмыс істейді. Дені жастар. Владимир Балак осында 2 ай бұрын орналасыпты. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжін былтыр ғана тәмамдаған. Талапты жас өз мамандығына сай бірден кәсіп тапқанына қуанышты. Айтуына қарағанда, табысы да жаман емес.

Владимир Балак – “Белуга Голд” ЖШС жұмысшысы:

– Мұнда балықты тұздаймын, оны түтінге қақтаймын. Жон еттерін тілімдеп, стейк жасаймын. Басқа балық түрлерінен деликатес, катлет және фарш әзірленеді. Негізі жұмысым өзіме ұнайды.

Мұндағы шикізаттың барлығы дерлік отандық. Ақмола, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарынан жеткізілген балық өнімдеріне сұраныс жоғары дейді сатушылар. Тұтынушыларға 500-ден астам аталымдағы өнім түрі ұсынылған.

Людмила Волкова – “Белуга Голд” ЖШС директорының орынбасары:

– Біз сондай-ақ, өңіріміздің су қоймаларын жалдаушылармен де тығыз байланыс орнаттық. Олардан да балық сатып аламыз. Өнімдерге сұраныс жақсы. Тоңазытқышта көп жатпайды. Аптаның алғашқы үш күнінде зейнеткерлерге 10 пайыздық жеңілдік жасаймыз. Негізі Петропавл қаласында 2 цех пен сонша дүкеніміз бар.

Тоқ етерін айтқанда, жаңадан құрылған “Белуга Голд” ЖШС тауары бүгінде өтімді. Компания ай сайын петропалдықтарға 1 тонна балық өнімін сатады екен.

Берік Қасен