МТРА жаңалықтары

Елімізде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар туралы арнайы ақпарат банкы іске қосылды

Айгерім Ержанова, тілші:

– Облыс орталығындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының ашылғанына биыл 16 жыл толады. Қазір мұндағы 6 үйде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 44 жасөспірім тәрбиеленуде.

Бұл ауылдағы №5-ші үйде 8 ұл-қыз тұрады. Барлығы да шетінен өнерлі. Бірі әуелетіп ән салса, енді бірі сурет салуға бейім. Анастасия Монторова кішкентайынан қолына қарандаш алып, адамдардың келбетін қағазға түсіре бастаған. Бұл өнерін ол әлі де дамытып келеді.

Анастасия Монторова – отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушісі:

– Маған сурет салған ұнайды. Бұдан бөлек мен тігін тігіп, тоқымамен де айналысамын. Мұның бәрін бізге тәрбиеші анамыз үйретеді. Бұл жерде тұратын ұл-қыздар бауырмал. Бір-бірімізге көмек қолын созып тұрамыз. Өйткені біз бір отбасымыз ғой.

Анастасия Монторова отбасы үлгісіндегі балалар ауылына осыдан 9 жыл бұрын келген. Қыздың әкесі жоқ, анасы бар. Бірақ тағдыр оған шешесімен бірге болуды жазбаған. Настяның анасы ішімдікке салынып, ата-ана құқығынан айырылыпты. Енді ол осы жерде өзі қатарлас балалармен бірге тәрбиеленуде.

Жыл сайын мұннан бірнеше қыз-жігіт өзіне отбасы тауып, балалар ауылымен қош айтысады. 2016 жылдың өзінде бұл жерден 9 ұл-қыз жаңа жанұяға орналастырылды. Қуантарлығы,қазір өңірде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны азаюда. Соңғы екі жыл ішінде оның қатары 641-ден 475-ке дейін қысқарған.

Анатолий Тарахтун – СҚО білім басқармасының бас маманы:

 


–  Жыл санап облысымызда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдердің саны азайып келеді. Мәселен, 2014 жылы-77 бала, 2015 жылы-62,ал былтыр 48 бала өз отбасын тапты.

Биылғы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, Қазақстанда республикалық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар туралы арнайы ақпарат банкы іске қосылды. Мұнда баланың биографиясы мен әке-шешесінің және туған-туыстарының бар-жоғы да жазылады. Бұл бала асырап алам деуші ерлі-зайыптылардың жұмысын біраз жеңілдетпек.

Айгерім Ержанова