МТРА жаңалықтары

ХХVIII-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарына 8 теріскейлік қатысады

Олар екі жұмаға жақын уақыт бойы оңтүстік астанада бақпен бап таластыратын болады. Бұл байрақты бәсекеде еліміздің намысын 175 қазақстандық қорғамақ. Олардың қатарында әрине, теріскейлік толағайлар да бар.

Байболат Құлтанов, тілші:

– Алматы қаласында өтетін 28-ші қысқы Универсиада ойындарына 8 солтүстікқазақстандық қатысады. Олар спорттың 3 түрі бойынша бақ сынамақ. Айта кетсек, жерлестеріміз шаңғы және конькимен жүгіру жарысында еліміздің намысын қорғайды.

Қазір жерлестеріміз Қытайда соңғы оқу-жаттығу жиындарында жүр. Олардың жарыс алды дайындықтары үшін облыстық бюджеттен 21 млн теңгеден аса қаржы бөлініпті.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:


–  28-ші Дүниежүзілк қысқы Универсиада ойындарына әлемнің 2000-нан аса спортшы келеді. Олар спорттың 12 түрі бойынша күш сынасады. Жерлестеріміздің жарысқа дайындықтары жақсы. Олардан алтын медаль күтеміз.

Естеріңізге сала кетейік, қысқы спорт түрлерінен студенттердің 28-ші бүкіл әлемдік жарысы Алматыда 29-шы қаңтар күні бастау алады. Оған дейін еліміздің әр қаласынан Универсиада алауы жүріп өтеді.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:


–  Петропавлға Универсиада алауы 26-шы қаңтар күні келмек. Ол М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 1 корпусы маңында тұтанады. Кейін, факелді өңіріміздің спорт саласына сүбелі үлес қосқан жандар мен теріскейлік жас спортшылар қала көшелерін аралатады. Алауды ұстаған жерлестеріміз 12 шақырым жерді жүріп өтпек.

Айта кетейік, 27-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада Испанияның Гранада қаласында өтті. Онда қазақстандықтар 11 медаль еншілеген болатын. Алқалардың 5-еуі алтын болса, 6-ауы күміс.

 

Байболат Құлтанов