Білім

Петропавлда мектеп оқушылары арасында облыстық пән олимпиадасы бастау алды

Қазір аздаған сәттерден соң бұл оқушылар 15 жалпы білім беру пәндері бойынша сынақты бастайды. Білгірлер сайысының сұрақтары бүгін таңғы 7-де Білім және ғылым министрлігінен жолданыпты. Сондықтан, олимпиада тапсырмаларынан ұл-қыздар мен мұғалімдер мүлде бейхабар.

Шарғия Мұқышева – СҚО әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры:

– Тапсырмалар күрделі болуға тиісті. Өйткені, сынақ дарынды балаларға арналған. Олимпиада кезінде ұялы телефон және басқа да көмекші құралдарлы қолдануға болмайды.

Сонымен аудиторияларда сынақ тапсыру басталып кетті. 2 жарым сағат ішінде оқушылар сұрақтарға жазбаша түрде жауап береді. Мына бөлмеде жастар құқықтану пәнінен бақ сынауда. Олимпиадаға қатысушылардың бірі – Айдар Альпейісов. Бескөл орта мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы сайыс тапсырмаларының аса қиын еместігін айтады.

Айдар Альпейісов – Бескөл орта мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы, Қызылжар ауданы:


–  Олимпиадаға жақсы дайындалдым. Сондықтан, сұрақтар аса қиын емес. Біраз, тапсырманы орындап қойдым. Осы сайысқа Қазақстан тарихы пәнінен екі жыл қатыстым. Онда жолым болмады. Енді, биыл жеңіске жету үшін барымды саламын.

Олимпиадаға өңір мектептерінен мұғалімдер де келген. Олар сынақ тапсырып жатқан шәкірттерін дәлізде асыға күтуде. №4 Булаев орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Марал Қантаева өз оқушыларының жоғары нәтиже көрсететіндігіне сенімді.

Марал Қантаева – №4 Булаев орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, М.Жұмабаев ауданы:

– Біздің мектептен 5 бала келді. Олармен жақсы дайындалдық. Оқушыларымыз жақсы нәтиже көрсетсе дейміз.

Петропавлда мектеп оқушылары арасында облыстық пән олимпиадасы 2 күнге жалғаспақ. Сайыста жүлдегер атанғандар мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ал, үздіктер наурыз айында Ақтау мен Павлодар қалаларында өтетін республикалық кезеңге жолдама алмақ.

Байболат Құлтанов