Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өткен жылы “Единство” ЖШС жалпы құны 500 млн теңгеден асатын тауар шығарған

Риат Шони,тілші:

–  Бұл “Единство” ЖШС басты цехы. Аумағы 1600 шаршы метр. Бұнда жұмысшылар темір бетонды бұйымдарды әзірлейді. Бір сөзбен айтқанда қабырға панельдері. Серіктестік бір айда 1200 текше метр бетонды әзірлеуге қауқарлы. Бір бетонға 1-1,5 сағат уақыт кетеді. Бұл үрдіс кезең-кезеңмен жүзеге асады.

Ең алғашқысы ол арматураларды бір-біріне байлап, темір бетонды бұйымның қаңқасын әзірлеу. Бұл іспен “Единство” ЖШС-ің қырнаушысы Серік Алдабеков айналысады. Оның кәсіпорынға келгеніне небәрі 8 ай болыпты. Айтуынша, жұмысы көңілінен шығады.

Серік Алдабеков – “Единство” ЖШС қырнаушысы:


–  Панельдерді құймас бұрын біз темір қаңқаларды байлаймыз. Күніне 10-нан астам бұйымды әзірлейміз. Жұмысым өзіме ұнайды. Ұжымдағы әріптестерімнің барлығы жақсы. Жалақы да уақытылы беріліп тұрады.

Қазіргі таңда “Единство” ЖШС-де 150-ге жуық адам еңбек етеді. Орташа айлық жалақылары 100 мың теңгенің көлемінде. Өндіріс ошағы темір бетонды бұйымның 130-дан астам түрін шығарады. Сыртқы қабырға панельдерінің арасына минералды мақта плиталары салынады. Олар жылы ауаны жақсы ұстайды екен. Өткен жылы серіктестік өндіріс көлемін 20 пайызға арттырып, жалпы құны 500 млн теңгеден асатын тауар шығарған. Алға қойған жоспарлары да ауқымды.

Роман Стрельников – “Единство” ЖШС өндіріс басшысы:


–  2017-ші жылы біз “Гаспар” атты жаңа желіні іске қоспақпыз. Қаңтар айының ортасына қарай Итальядан мамандар келіп арнайы қондырғыны орнатып береді. Бұл өндіріс көлемін арттыруға үлкен септігін тигізеді. Оның үстіне технологиясы өзгеше. Бұрындары бетонды горизанталды бағытта құйсақ, тың әдіспен вертикалды бағытта құямыз.

Кәсіпорын өндіретін темір бетонды бұйымдармен кез-келген әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді салуға болады. Әзірге, өндіріс ошағы ел нарығында ғана жұмыс істеуде. Алдағы уақытта өз тауарларын Ресейге экспорттамақ. Жалпы “Единство” ЖШС биылғы жылы 10 көпқабатты үйдің құрылысын аяқтап, қолданысқа тапсырмақ.

 

Риат Шони