МТРА жаңалықтары

Биыл “Б” корпусындағы мемлекеттік қызметкерлер кешенді аттестаттаудан өтеді

Сынақ 4 кезеңнен тұрады. Алғашқысы – бағалау парағын толтыру, келесісі – құзыреттілігін бағалайтын тест тапсыру. Ал үшінші кезең, ол – сұхбаттасу және соңғысы комиссияның шешімі болып табылады. Айта кету қажет, аттестаттаудан кей қызметшілер босатылады.

Ғалым Тұрсынбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:


–  Зейнеткерлер және де зейнет жасына екі жыл қалғандар аттестациядан босатылады. Бала күтімі бойынша еңбек демалысындағы, аяғы ауыр әйелдер, 14 жасқа дейінгі баласы бар жалғызбасты әйелдер мен 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі баласы бар нәзік жандылар сынақтан босатылады. Сонымен қатар, 6 айдан кем еңбек өтілі бар мемлекеттік қызметшілердер аттестациядан өтпейді.

Сондай-ақ, аттестаттаудан “А” корпусында резервте тұрғандар, аудандық маңыздағы қала және селолық округтердің әкімдері босатылады. Жалпы сынақ мамыр айына дейін жалғаспақ. Бұл үрдістің заңды түрде өтуін арнайы комиссия қадағалайтын болады. Олар республика, облыс және де аудандық деңгейде құрылады. Жалпы біздің өңірде науқан барысында 139 комиссия жұмыс істейді деп жоспарлануда.

Ғалым Тұрсынбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Комиссия құрамына “А” корпусының мемлекеттік қызметшілері, әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестің мүшелері кіре алады.

Айта кету қажет, қазіргі таңда өңірде 4 мың 635 мемлекеттік қызметші бар. Биыл соның 3 мыңға жуығы аттестаттаудан өтеді.

 

Риат Шони