Құқық қорғау органдары

2017-ші жылдың 1 қаңтарынан бастап полицейлер таяқшаны қолданбайтын болды

Риат Шони, тілші:

–  Жолдағы тәртіпті қадағалау үшін полицейлердің алғашқы таяқшасы 1907 жылы Ресей патшалығында пайда болған. Оның ұзындығы 90 см, ал түсі ақ болды. Уақыт өте келе оның түрі де, түсі де өзгерді. Біздің еліміздегі таяқшаның соңғы үлгісі қызыл түсті болды. Енді 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап тәртіп сақшылары таяқшаларды қолданбайтын болды.

Бұдан былай қала ішінде тәртіпті бұзған көлік иелерін патрульдік машиналар ғана тоқтата алады. Таяқшаларды қолданыстан алып тастау еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйеніп жасалыныпты. Енді аталған жаңашылдыққа байланысты жол ережесін бұзғандарды анықтау үшін бейнекамералар мен полицейлердің бейнетіркеуіштері қолданылмақ. Көлікті қолмен тоқтатуға рұқсат етілетін кей жағдайлар да бар екен.

Жанат Сұлтанов – СҚО ІІД жол-патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары:

– Көліктерді тек автопатрульдегі арнайы дыбыс күшейткіш және жарық беретін құралдарды да қолданып тоқтата алады. Ал қолмен стационарлық бекеттерде, жол-көлік апаты, төтенше жағдай, жедел істестіру шаралары кезінде тоқтатуға рұқсат етіледі.

Жалпы полицейлердің айтуынша бұндай жаңашылдықтың енгізілуі орынды. Енді көлік иелерімен келіспеушіліктер туындау жағдайы азаятын болады дейді тәртіп сақшылары.

 

Риат Шони