Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдің мешін жылында жеткен жетістіктері

Биыл жер емген теріскейлік диқандар қамбаға рекордтық 5 млн 768 мың тонна бидай құйды. Өңірде «Тайынша май» зауыты іске қосылып, қуаты күшті «Батыр» маркалы тракторлар да құрастырыла бастады. Тағы, әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандар халық игілігіне берліді.

 

Мағжан Ахмадина – тілші:

– 2016 жыл облысымызға не берді, несін алды? Жыл басынан бергі болған оқиғаларды тізбектей берсек, өңіріміздің асқан асулары да, әттеген-айлары да жетерлік. Осы жыл он екі айда орын алған оқиғалар арна тілшілерінің үнемі назарында болды. Сондықтан, оларды тағы бір еске сала кетейік.

Мешін жылының басында зейнетақы 9 пайызға көтерілді. Елбасының тапсырмасына сәйкес, жергілікті полиция қызметі еліміздің барлық өңірлерінде құрылды. Тағы нақ осы қыс мезгілінде облысымызда ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлау шаралары ресми түрде бастау алды.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Тәуелсіздік алғалы Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында халқымыз биік белестерге жетті. Ширек ғасыр ішінде еліміз құқықтық, демократиялық ел ретінде әлемге танылды.

2016 жылдың басында Ресей, Италия, Австралия, Қытай, Финляндия сынды мемлекеттердің делегаттарымен СҚО-сы инвесторлар кеңесінің отырысын өтті. Қорытындысында 6 меморандум жасалды.
Мешін жылының көктемі теріскейліктерге бірталай қиындық әкелді. Өңірде соңғы 50 жылда орын алмаған су тасқыны болды. Ең алғаш болып қызыл су Тайынша ауданына қарасты Донецкое ауылын басқан болатын. Алқаптардан аққан тіршілік көзі елді мекендегі көптеген баспаналарға кірді.

Виктор Будзинский – Донецкое селолық округінің тұрғыны, Тайынша ауданы:


– Менің үйімдегі екі бөлмені толығымен су басты. Мінекей қабырғаларды да бүлдірді. Жиһаздар түгел су. Жертөледегі картоптар да бүлінді. Техника күйіп кетті.


Владимир Кулаковский – “Глория” ШҚ басшысы, Тайынша ауданы:


–  Ес жиып үлгерген жоқпыз, қызыл су ауыл ішіне лезде енді. Судың деңгейі көтерілгендіктен бірінші кезекте бұзауларды үй ішіне кіргіздім.

Сол кезде төтенше жағдай Петропавл мен облысымыздың 8 ауданында орын алды. Көктем келіп, қар көбесі сөгілгеннен кейін тасқын 30 елді мекенге зардабын тигізіп, 400-ден астам үйді су басты. Мал қырылды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.
Енді жайдары жазда орын алған оқиғаларды тізбектесек. Жыл сайын Астана күні қарсаңында Елбасының қатысуымен жалпыұлттық телекөпір өтіп, өміршең жобалар іске қосылды. Дәстүрден биыл да жаңылмай, трактор зауытын аштық. Енді бізде комбайндардан бөлек, «Батыр» маркалы тракторлар да құрастырылатын болады.

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:


– Маңызды, керек кәсіпорын. Сондықтан оны іске қосуға рұқсат беремін.

Қыркүйекте мектептерде ғана емес, қызу тірлік алқаптарда да басталады.
2016 жылы еліміздің аграрлық өңірі барша қазақстандықтарды кезекті рет мол астықпен қамтамасыз етті. Өңір қамбасына 5 млн 768 мың тонна бидай құйылды. Бұл – жергілікті диқандардың жыл бойғы еңбегінің нәтижесі. Оны облысымызға қауырт маусымда келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та атап өтті.

Биыл тағы күз айында Петропавлда «Қызылжар инвест-2016» халықаралық форумы өтті. Оған әлемнің 7 елі мен Қазақстаннан 500-ден астам саясаткер, бизнесмен қатысып, тиімді әріптестік орнату жайын талқылады. Жалпы форум аясында кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар жиынтық құны 207 млрд теңгеден асатын 22 маңызды құжатқа қол қойды.
Тағы бір айта кетер жайт, биыл көркем сұлу табиғатымен, аққайыңдарымен ерекшеленген өлкемізге 80 жыл толды. Тәуелсіздікпен қайта түлеген теріскей, экономиканы еселеуге зор үлес қосуда. Оны өлкеміз қыстың басында Елбасының қатысуымен өткен телекөпір барысында «Тайынша май» зауытын іске қосу арқылы көрсетті. Өндіріс орны Қазақстандағы майлы дақылдарды өңдеумен айналысатын ірі кәсіпорындардың бірі болмақ. Зауыт жылына 300 мың тонна майлы дақылдарды өңдеуге қауқарлы.

Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін Қытай инвесторлары 22 млн доллар қаржы құйған. Болашақта инвестиция көлемі арта түспек. Өйткені, аспан асты елінен келген инвесторлар өңірде бірқатар ауқымды жобаларды қолға алмақ ниетте.

Мағжан Ахмадина – тілші:


– Өткенімізді сараламай, ертеңімізге қадам баса алмайтынымыз сөзсіз. Сондықтан жыл бойы орын алған сүрінулер мен сәтті істердің арқасында жаңа мақсат-мүдде түзіліп, ертеңгі күн – келесі жылға артылған үміттің жүгі ауырлай түседі. Ал пенде болған соң, алдағы күнен тек жақсылық күтеміз. Жаңа жыл құтты болсын.

 

 

Мағжан Ахмадина