Спорт

Биыл теріскейлік спортшылар түрлі деңгейдегі жарыстарда 500-ден аса медаль иеленді

Мешін жылы спорт саласында ауыз толтырып айтарлық нәтижелерге толы болды. Солардың бірі велошабандоз Александр Луценконың жеңісі. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері халықаралық “Тур Хайнань” жарысында топ жарды. Ала допты алақандарында ойнатқан “Қуаныш” ВК бойжеткендері де жарады. Бұрымдыларымыз ел біріншілігінің Жоғарғы лига командалары арасында 3-ші орынды жеңіп алды. Тағы, “Қызылжар-СҚ” ФК қыздарымыздың ерлігін қайталады. Аяқ допшыларымыз футболдан қола жүлдер атанып, соңғы 15 жылдағы ең ірі жетістікке қол жеткізді. Біздің өңірде шайбалы хоккейде даму үстінде. Биыл “Құлагер” ХК ҚР кубогын ұтып, жергілікті жанкүйерлердің төбесін көкке жеткізді.

Биыл солтүстікқазақстандық еркін күрес палуаны тұңғыш рет Азия чемпионы атанды. Теріскейлік Еркебұлан Боранғалиев Филиппинде 2-5 маусым аралығында өткен додада “сары құрылықтың” үздік спортшыларын тізе бүктіреп алтыннан алқа тағынды.

Еркебұлан Боранғалиев – еркін күрестен Азия чемпионы:


– Өте қиын болды. Жаттықтырушыларымның арқасы.

Байболат Құлтанов, тілші:

– Биыл тағы, Бразилияның Рио-де Жанейросында 31-ші жазғы олимпиада ойындарының жалауы желбіреді. Жаһанның кіл мықтылары жиылған жарыстан қазақстандық ұл-қыздар алтын, күміс қоланы сыңғырлатып елімізге әкелді. Бұл толайғайлардың арасында әрине теріскейдің тумалары да бар. Боксшы Дариға Шәкімова мен еркін күрес палуаны Эльмира Сыздықова үшінші орын иеленіп, абыройымызды асқақтатты.

Қысқы спорт түрлерінен де жетістіктеріміз аз емес. Теріскейлік конькимен жүгіруші Роман Креч әлем кубогының алғашқы кезеңінде жеңімпаз атанды. Жерлесіміз Қытайдың Харбин қаласында өткен дүбірлі додаданың 500 метрлік сынында алдына жан салмай, алтыннан алқа тағынды. Биыл тағы да бір солтүстікқазақстандық Александр Герлиц өзінің спорттық мансабындағы ірі жетістігіне жетті. Ол шаңғымен жүгіруден мүгедектер арасында ұйымдастырылған әлем кубогының кезеңінде 9 орынға табан тіреді. Осылайша жерлесіміз Германияда ақпан айында жалауын көтеретін әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды.

Александр Герлиц – шаңғы жарысынан мүгектер арасындағы ҚР спорт шебері:


–  Бала күнімнен шаңғы спортымен айналысамын. Өзіме бұл ұнайды. Бірақ, қиындықтары да бар. Филияндияда өткен әлем кубогының кезеңінде 5 мың метрге шаңғымен жүгірдім. Менің тобымда 30 споршы болды. Биылғы жыл мен үшін табысты болды деп айта аламын. Ендігі, жылдан мол үміт күтем.

Дзюдошы Назгүл Маратованың өткен жылға өкпесі жоқ. Өйткені, биыл қазақтың қаршадай қызы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Енді, Назгүл Жаңа жылды қуанышпен қарсы алып, келер жылғы жарыстарға дайындалмақ.

Назгүл Маратова – Дзюдодан Азия чемпионатының күміс жүлдегері:

–  Жаңа жылды Петропавлда қарсы аламын. Жаттықтырушым Нұрлан ағайдың үйінде боламыз. Жаңа жылда еліміз аман тыныш болсын. Спортшыларымыз жеңіске жете берсін.

Олимпиада шыңы, алтын алқа, елдің қуанышы! Бір сөзбен айтсақ, спорт саласында мешін жылы қазақ халқы үшін табысты болды. Енді, бізді Алматы қаласындағы Бүкіл әлемдік қысқы Универсияда күтіп тұр. Аталған жарысқа теріскейдің 8 өрені қатыспақ. Жерлестеріміздің жолына үлкен сеніммен қараймыз!

 

Байболат Құлтанов