Спорт

Жерлес зілтемірші Азия кубогы жарысында жеңімпаз атанды

Эрик Әлібаев – ауыр атлетикадан облыстың бас жаттықтырушысы:

– Айдар жарыста 77 келіде сынға түсті. Оның салмағында 12 спортшы болды. Араларында Рио олимпиадасының қола жүлдегері де бар. Дегенмен, Айдар бұған мойыған жоқ. Керісінше, жігерленіп жеңіске жету үшін барын салды. Бұл жетістігі – барлығымыз үшін қуаныш.

Айдар Қазов байрақты бәсекеде жұлқа көтеру сынында 140 келіні бойынан асырған. Ал, келесі серпе көтеруде 177 келі зілтемірді ырқына бағындырыпты. Қос сайыс қорытындысы бойынша жерлесіміз додада үздік атанды. Бұл жетістігім көп жылғы жаттығудың арқасы дейді спортшы.

Айдар Қазов – ауыр атлетикадан Азия кубогының жеңімпазы:

– Азия кубогына 3 ай дайындалдым. Әсіресе, серпе көтеру бойынша шеберлігімді арттырдым. Бүкіл бәсеке барысында жаттықтырушымның айтқан ақыл-кеңесін есімнен шығармадым. Бұл нәтижеме көңілім толады. Енді, алда тағы жарыстар бар. Сол сайыстарда елімнің көк байрағын желбіреткім келеді.

Келер жылдың сәуір айында теріскейлік зілтемірші Азия чемпионатына қатыспақ. Кейін, желтоқсанда әлем біріншілігінде бақ сынайды. Айта кетейік, Азия кубогына 4 қазақстандық ауыр атлет қатысқан. Оның 2-еуі алтын, ал 1-еуі қола жүлде еншіледі.

Култанов Байболат