МТРА жаңалықтары

Өңірде әлеуметтік маңызға ие өнімдердің бағасы тұрақты

– Бұл жерде тауарды әлдеқайда төмен бағамен сатып алуға болады. Сұйық майдың бағасы мұнда – 365 теңге. Ал өзге дүкен сөрелерінде оның құны 400 теңден асады.

Ал қарақұмықтың кг-ы – 250, күріштің келісі 170-тен тұр. Көкеністердің де бағасы қалта көтерерлік. Орамжапырақтың келісі – 70 теңге, сәбіз – 65, картоп пен пияз 60 теңгеден өткізілуде. Күн сайын дәл осы сауда нүктесінен азық-түлік алу үшін адамдар кезекке тұрады. Олардың дені -зейнеткерлер.

Әділбек Әлібаев – зейнеткер:

– Картоп, сәбіз, сарымсақ, ет алдым. 6000 теңге кетті. Бұл жерде бәрі арзан болған соң келеміз ғой.

Тұрғындар үшін қолжетімді бағамен саудаланып жатқан бұл тауарлар – азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорынан түскен өнімдер. Олар әдеттегі дүкен бағаларынан 10 пайыздан 50 пайызға дейін арзанға сатылады.

Ғамали Жұмашов – «Солтүстiк» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Биылғы жылы біз 350 млн теңгеге 104 мың литр сұйық май, 1020 тонна қант, 100 тонна қарақұмық және 68 тонна күріш алдық. Қазір біздің өнімдер қаламыздағы “Цум”, “Көктөбе”, “Корона”, “Северный”, “Семейный” дүкендер желісі сынды 50-ден астам сауда нүктесінде арзан бағамен сатылуда. Мәселен, қарақұмықтың келісін 250 теңгеден алуға болады. Ал басқа жерлерде оны 400 теңгеден сатып жатыр.

Жыл басынан өңірде тұрақтандыру қорынан 12 тонна сұйық май, 11 тонна қант, 25 тонна қарақұмық пен 19 тонна күріш саудаланған.

 

Айгерим Ержанова