Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі қытайлық инвесторлармен кездесті

Біздер жыл сайын ел қамбасына 5 млн тоннадан астам алтын астық құямыз. Тағы 500-600 тоннаға жуық майлы дақылдар, 90 мың тонна ет, 500 мың тонна сүт және 600 млн дана жұмыртқа өндіреміз. Десе де, әлі ауыл шаруашлығындағы еңбек өнімділігі аздау. Оны арттыра түсу қажет деді өңір жетекшісі.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Қазіргі басты міндетіміз – ол дәнді дақылдардың өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыта түсу. Біз органикалық, экологиялық таза өнім шығарамыз. Бүгіндері Қазақстан мен Қытай елдері арасында үлкен жұмыс атқарылуда. Ол, әсіресе, біздің тауарды елдеріңізге экспорттауға қатысты. Айта кетейін, солтүстікқазақстандық тауарлар сапалы әрі бәсекеге қабілетті.

Кездесуде өңірде басымдық берілген өзге де салалар жайлы айтылды. Мәселен, туризм, тау-кен өнеркәсібін дамыта түсу қажет. Тағы аймағымызда жыл бойғы көкөніс шаруашылығын қолға алу керек. Өйткені, бізде егілетін өнімдер ешбір химиялық қоспасыз өсіріледі әрі бағасы да қолжетімді. Оған баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Ратмир Ахметов тоқталып өтті.

Ратмир Ахметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Жергілікті көкөністер өзге аймақтарға жеткізіледі. Өйткені, біздер өзіміз тұтынатын мөлшерден көбірек өсіреміз. Сондықтан, оларды қайта өңдеу және сақтауды қолға алу керек. Тағы өнімді Қытайға экспорттауға да болады. Жылыжайлық шаруашылықты дамытуға мол мүмкіндік бар. Өйткені, біздің климаттық жағдайға байланысты кәсіпкерлеріміз көкөністерді көбінесе жазда өсіреді. Ал қалған уақытта жеміс-жидек пен көкөніс Оңтүстіктен жеткізіледі. Сондықтан, бұл салада инвесторларға келіп жұмыс істеуге болады.

Теріскейде тағы машина жасау саласы мен көлік-логистикасы дамыған. Жуырда Петропавл халықаралық әуежайы жаңғырту жұмыстарынан соң жұмысын қайта бастады. Автомобиль жолдары да жөнделуде. Аймағымыз арқылы тауарды Ресейге экспорттауға мүмкіндік бар. Осыдан кейін қонақтарға өңірімізде инвесторларға жасалған жағдай жайлы тағы бір баяндалды.

Ратмир Ахметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Экономиканың маңызды салаларында жобаны жүзеге асыратын болса, онда инвесторлар 10 жылға корпоративтік және жер салығынан босатылады. Тағы мүлік салығын 8 жыл төлемеуге болады. Құрылыс- монтаждау жұмыстары мен қондырғы алуға кеткен шығынның 30 пайызын қайтару мүмкіндігі бар. Бұдан өзге де жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Жүз рет естігенше, бір рет көр демекші, қытайлық делегацияны бастап келген Чэнь Баогэнь мырза осыған дейін өңіріміз жайлы естігені болмаса, келмеген екен. Сондықтан болар, кездесу барысында Аспан асты елінің өкілі теріскейдің сұлу табиғатына, тіпті молынан жауған қарына тәнті болған. Тағы ол елімізде инвесторларға жасалған жағдайды айтып, өз таңданысын жасырмады.

Чэнь Баогэнь – Сиань қаласы Халық өкілдері Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің жетекшісі, ҚХР:

– Мен Тайынша ауданындағы «Айцзю» компаниясы ашқан зауытта болдым. 5 айдың ішінде үлкен жұмыс атқарылыпты. Мойындау керек, Қытайда мұндай қысқа мерзімде осындай шаруа тындыру мүмкін емес. Сондықтан, Қазақстанда инвесторларға жақсы жағдай жасалғандығын және облыстарыңыздың бизнесті дамытуға дайын екендігін аңғардым. «Айцзю» компаниясын жақсы білемін. Олар сенімді ақтайды деп ойлаймын. Кәсіпорынға сіздер көрсеткен қолдаудың қайтарымы болып, өңірдің дамуына, ауыл шаруашылығы мен бизнестің өркендеуіне жол ашылатынына сенім мол.

Осындай кездеулер алдағы уақытта екіжақтың бірлесіп жұмыс істеуіне жол ашпақ. Сондықтан, қос тарап әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойысты.

Ал кездесу соңында қос тарап естелік сыйлықтармен алмасты.

 

Магжан Ахмадина