Қоғам

Жаңа жыл мерекесінде пиротехникалық жарылғыш заттарға абай болған жөн

–  Жаңа жылға санаулы күндер қалды. Осы күні тұрғындар мерекенің қамына қызу кіріскен. Олардың бірі мерейтойлық костюм тіктірсе, енді бірі шыршаны түрлі-түсті ойыншықтармен безендіріп әлек.

Шырша – мереке көркі. Сондықтан, оны түрлі-түсті жарық шамдарымен безендірген жөн. Алайда, осы ретте өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау қажет. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Жаңа жыл сәнінің жанына бенгаль шырағы мен майшам жақпауға кеңес береді. Тағы, шыршаны пештің жанынан алыс жерге орналастырған дұрыс.

Әзімхан Мерғасымов – Петропавл қалалық ТЖБ инженері:


–  Шыршаны орнатқанда оның асты мықты болғаны жөн. Және Жаңа жыл сәнінің бұтақтары қабырға мен төбеге тимеуі қажет. Тағы, тұрғындарға айтарымыз шыршаны безендірген кезде электрик мамандарға жүгініңіздер. Олар ескірген сымдарды ауыстырып, өрттің шығуына жол бермейді.

Тағы, Жаңа жылда жиі отшашу атылады. Сондықтан, мерекеде фейерверкпен де абай болған жөн. Өйткені, өрт оқиғасы пиротехникалық жарылғыш заттардан жиі туындап жатады. Мәселен,
осыдан бірнеше жыл бұрын дәл Жаңа жыл қарсаңында қала тұрғыны отшашуды өз үйінің шатырында атып көріпті. Салдарынан от шығып, өрт сөндірушілерді шақыруға тура келген.

Әзімхан Мерғасымов – Петропавл қалалық ТЖБ инженері:


–  Отшашу атар алдында ережесін оқыған дұрыс. Онда барлығы жазылады. Фейерверкті ашық кеңістікте атады. Маңайда тез жаңатын заттар болмауы керек.

Айта кетейік, соңғы бес жыл ішінде өңірде Жаңа жыл мерекесі күндері өрт оқиғасынан 25 адам қаза тапқан. Қайғылы оқиға орын алмас үшін алдын алу жұмыстарының пайдасы көп, Мереке алдында жерлестеріміздің қауіпсіздікті сақтау жайлы пікірлерін тыңдадық.

–  Үйдегі шыршаны безендіріп қойдық. Өрт қауіпсіздігі шараларын сақтаймыз, әрине. Өйткені, бұл өзіміз үшін маңызды.

Айгерим Ержанова