Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҰОС-ның екі ардагеріне “СҚО Құрметті азаматы” атағы берілді

Ол ел басына күн туғанда 17 жасында майданға аттанып, Украина жерінде жаумен алысты. Бүгінде көнекөз қарияның кеудесі түрлі марапатқа толы. Оның ішінде 4 орден мен 22 медаль бар. Ал бүгін облыс әкімі аппаратының жетекшісі Мадияр Қожахметов аймақ басшысының атынан Қасым атаға «СҚО Құрметті азаматы» атағын тапсырды.

90-нан асқан қария кейінгі ұрпаққа дән риза. Өйткені олар ардагерді үнемі мерейтойлармен құттықтап, хал-жағдайын сұрап тұрады дейді.

Қасым Жүнісов – ҰОС ардагері:


–  Жастар мені ешқашанда ұмыт қалдырған емес. Үнемі мерекелермен құттықтап тұрады. Бұрынғы жұмыс жасаған орындарымнан да мамандар келіп тұрады.

Сондай-ақ, бұл күні дәл осындай атақ жерлесіміз Сергей Пресняковқа да берілді. Сергей Михайлович теріскей өңірі жайлы 10-ға жуық кітап жазған. Қазір жасы 94-ке келсе де ол қалам алып, сүйікті ісімен айналысқанды ұнатады.

Сергей Пресняков – тарихшы-өлкетанушы, ҰОС ардагері:

 


–  Төсек тартып жатқаныма өзі бір жыл болды. Бірақ мен соған қарамастан бір орында тапжылмай “Страницы славной истории” атты кітабымды жаздым. Бұл еңбектің толық аяқталуына бір ғана бөлім жетпей тұр еді. Қолда бар ақпаратыммен толықтырдым. Енді, міне, еңбегім дайын болды.

Сергей Пресняков денсаулығының сыр бере бастағанына қарамастан, келер жылы тағы бір кітапты жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

Айгерім Ержанова