МТРА жаңалықтары

Теріскейліктер қоғамдық көліктердің жұмысына наразы

– Жүру аралығы тым ұзақ. Іші де суық. Бұл маршрутқа көңілім толмайды.

–  Өзге қоғамдық көліктерді білмеймін, “19”-шы автобустың қызметі нашар. Суық күндері соны күтіп тоңамыз.

Қазіргі таңда Петропавл қаласында 25 бағыт бойынша қатынайтын 340 бірлік көлік бар. Автобустардың жүруіне қандай қиындықтар кедергі болып тұрғанын білу үшін біз “СҚО жолаушылар тасымалы” қауымдастығына сауал жолдадық.

Галина Семёнова – “СҚО жолаушылар тасымалы” қауымдастығының төрайымы:

– 19-шы маршруттағы автобус бүгінде көп қиындық көріп жатыр. Ол қаланың орталық көшелерінде қызмет етпегендіктен пайданы аз табуда. Оның үстіне жанар-жағармай бағасы шарықтады. Тамыз айында 90 болған дизельдік отын бүгінде 164 теңге тұрады. Аязды уақытта біз, әрине, қысқы отынға көшуіміз керек. Пайда көрмегендіктен автобустар уақытында жөнделмейді. Бұндай қиындықты 28-ші маршрутта басынан өткерді. Енді ол бүгінде өзінің қызметін толығымен тоқтатты. Ал қалған қоғамдық көліктер бойынша қазір мәселелер біртіндеп өз шешімін табуда.

Алдағы уақытта ведомствоаралық комиссияның отырысында 28-ші маршруттың тағдыры шешілмек. Оны енді шағын автобусқа айналдырып, сұраныста болу үшін Жұмысшы кентіндегі бірқатар қоғамдық көліктердің жүру кестесі өзгертіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, автобустар шығынға батпай пайда табу үшін жүру құны да қымбаттайды деп күтілуде.

 

Риат Шони