МТРА жаңалықтары

“Нұр Отан” партиясы СҚОФ “Үздік қоғамдық қабылдау” байқауын қорытындылады

Тиісінше әр төртінші сұрақ шешімін тауып отырған. 2016 жылдың бірінші айында “Үздік қоғамдық қабылдау” байқауы жарияланған болатын. Міне, жыл соңына таянғанда жеңімпаздары анықталды. “Үздік депутат”, “Үздік мемлекеттік орган”, “Үздік қоғамдық қабылдау қызметкерлері” марапатталып жатыр. Биыл депутаттардың арасында халыққа ерекше жақынырақ болғаны Юрий Белоног болып шықты.

Юрий Белоног, Облыстық мәслихаттың депутаты:


– Мен облыстағы денсаулық сақтау бойынша партия комиссияның төрағасымын. Бұл саладағы өзекті деген сұрақтарды қарастырамыз. Келесі жылдан медициналық сақтандыруға ауысамыз. Бұл ретте үлкен жұмыстар атқарылуда. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүрігізіп, мониторинг жасадық. Жыл басталғалы қоғамдық қабылдаулар өткізіп, біраз сұрақтардың оң шешімін де таптық.

Бұдан соң 2016 жылы “Нұр Отан” партиясының жергілікті филиалында атқарылған жұмыстар сараланды. Наурызда өткен сайлауда Қазақстан халқының 82 пайыздан артығы сенім білдіре отырып дәл осы партияға дауыс берді. Халық таңдауы түскен ұйым арнайы комиссия құрып, түрлі әлеуметтік мәселелерді жіті қадалауға алған. Кейін алда тұрған ең маңызды мәселелердің бірі “Нұрлы жер” бағдарламасының жүзеге асырылу жайы айтылды. Қазіргі күні халықты тұрғын үймен қамту – өзекті.

Артур Молдағұлов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:


– Нұрлы жер бағдарламасы 15 жыл көлемінде жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңі – 2017-2020 жылдар аралығында жүргізіледі. Көрсетілген мерзімде республикада 52 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл – 505 мың пәтер. Бұл баспана қорын 18 пайызға арттырады. Бағдарламаның 5 басымдығы белгіленіп, халыққа түсіндірілу үстінде.


Жаңа бағдарламаның қарқынды жүзеге асырылуымен үй кезегін күткендердің тізімі айтарлықтай қысқармақ. Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 170 мың шаршы метр баспана тұрғызылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 121 пайызға артық.

 

Акбопе Танирберген