МТРА жаңалықтары

Теріскейліктер 101-ші маршруттың жұмысына наразы

– 101-ші маршруттағы барлық автобус әрдайым лық толы болады. Адам сыймай жатады. Оның үстіне кешігіп келеді. Қоғамдық көліктің жүру аралығын кішкене қысқартса ғой.

– Егер де басқа мүмкіндік болса, мен жұмыстан үйге өзге көліктермен қайтуға тырысамын. Өйткені, 101-ші маршрутты күту ұзаққа созылып кетеді. Іші үнемі адамға толып тұрады. Кей аялдамаларда, тіпті тоқтамай кетеді.

101-ші бағыттағы автобус тек Бескөл ауылы мен облыс орталығына ғана емес, сонымен қатар Петропавл көшелерін де аралап, жолаушыларды тасымалдайды. Сол себепті, үнемі іші адамға толып жүреді. Ал қоғамдық көліктің қатынау аралығы – 25 минут. Бұл, әрине аязды күні автобус күтіп тұрған теріскейліктерге ыңғайсыз. Ешкімнің де аялдамада ұзақ тұрып, жаурағысы келмейді. Бұны ескерген кәсіпкерлік иегерлері автобус санын көбейтті.

Константин Ясманов – “Айдаков” ЖК өкілі:

– Біздің көлік паркімізде бұрын 9 автобус болатын. Әр қоғамдық көлікте екі жүргізушіден бар. Онда барлығы 43 адам сыяды. Енді ішіне 80-ге жуық жолаушы сыя алатын екі үлкен көлікті шығардық. Оған қоса маршруттардың жүру аралығын 15 минут қылдық. Алдағы уақытта бұл өзгерістің тиімділігі болып жатса осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз.

Ал, автобустардың іші суық болуы ол әр аялдамада есіктердің бір ашылып, бір жабылуына байланысты екен. Істеп тұрған пештер жылытып үлгермей жатады.

– Тағы бір айта кететін жәйт, ол алдағы уақытта 101-ші маршрутта жүру құны қымбаттамақ. Мердігердің айтуынша қазіргі баға, 75 теңге – пайдасыз. Жанар-жағармай және қажетті түрлі саймандардың құны шарықтаған. Сол себепті, жаңа жылда жаңа баға 100 теңгенің маңайында болады деп жоспарлануда. Бұл, әрине тек болжам ғана.

Риат Шони