МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандық оқушылардың Президент шыршасына дайындығы

Президенттік шыршаға қатысу – Бекзаттың бала кезгі арманы болатын. Қазір ол анасы Әсеммен бірге жаңа жылдық костюмін дайындауда. Биылғы жылы 10 жасар бала «Зорро» кейіпкерін таңдапты. Оның да өз себебі бар дейіді Бекзат.

Бекзат Алшын – қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Биыл мен Зорроны таңдадым. Ол – адамдарды жамандардан қорғайды. Жақсылық жасайды. Мен оны үлгі тұтамын.

Баласының таңдауын қолдап, тілегін орындаған ана өз қолымен Зорроның ковбой қалпағын, бетпердесі мен бүркенішін тігіп берген.

Әсем Ережепова – Бекзаттың анасы:

– Баламның Президенттік шыршаға қатысатынынан өте қуаныштымын. Костюмді отбасымызбен бірге таңдадық. Өзім тігіп жатырмын. Бір жұмадай уақыт кетті.

Облыс орталығында өтетін Президент шыршасына биыл 9 бен 13 жас аралығындағы 200-ден астам бала қатысады деп жоспарланған. Оның 161-і өңір аудандарынан келмек. Айыртаулық қыз-жігіттер жылдағы дәстүрге сай Елбасы шыршасына сақадай сай дайын. Биыл олар «ЭКСПОның жаңа жылдық алауы» атты тақырыпқа сай киінген. Бірі – «Экспо-2017», «Алтын бесік», «Тәуелсіздік ханшайымы» болса, енді бірі – «Тарих Ата», «Қазақ Батыры» кейпіне еніпті.

Алмаз Никулин – Айыртау балалар үйінің тәрбиеленушісі:

– Бұл мерекелік кеште мен жаңа дос табамын деген үміттемін. Көңіл күйіміз де көтеріңкі болатынына сенімдімін.

Мұнда жиылған әрбір баланың костюмі көзтартарлық ерекше. Түрлі-түсті киім киген қыз-жігіттерге қарап, бірден мерекелік көңіл күйге енуге болады. 11 жасар Александра Захарова жаңа жылға «ЭКСПО шамдары» киім үлгісін дайындапты. Бұл образды жасау үшін 50 метрге жуық диодты шам мен жарқ-жұрқ ететін әдемі маталар қолданылған. Сондай-ақ, арудың көйлегінен күн сәулесі, жел және жерасты сулары энергиясын да байқауға болады.

Александра Захарова – Айыртау балалар үйінің тәрбиеленушісі:

– Біз бұл костюмді ұстазымызбен бірге бір айдан астам уақыт дайындадық. Дәл осындай әдемі әрі мағыналы болуын ойластырдық. Арқа жағымда Экспо шарасына қатысатын мемлекеттердің туы бейнеленген. Ал көйлектің төменгі жағында аталмыш халықаралық көрме ұйымдастырылған елдердің аты жазылға. Әрине, ұлттық оюымызды да ұмыт қалдырмадық. Бұл образым өзіме қатты ұнайды.

Биылғы жылы Президенттік шырша жылдағы дәстүрге сай өтеді. Алдағы мерекеде балаларды ең үздік костюмдер сайысы, бағалы сыйлықтар мен тәттілер күтуде.

Бөтагөз Тағыдұретова – СҚО білім басқармасы рухани-адамгершілік білім және тәрбие жұмысы бөлімінің бас маманы:

– Балалар ең алдымен Елбасының видео-құттықтауын тамашалайды. Кейін театрландырылған көрінісіті тамашаламақ.

Петропавлдағы Президент шыршасы желтоқсан айының 26-сы күні таңғы сағат 11:00-де Александр Винокуров атындағы Спорт Сарайында өтеді.

 

Айгерим Ержанова