МТРА жаңалықтары

Облыс аумағында 800-ге жуық адамға рақымшылық жасалуы мүмкін

Артур Вартанов – шартты түрде бас бостандығынан айрылған:

 

– Менің жаза алғаныма 1 ай ғана уақыт өтті. Мен қоғамдық орындарға бара алмаймын. Түнгі сағат 10-нан кейін үйде отыру керекпін. Және үнемі пробация қызметі мамандарының жіті бақылауындамын. Бұл өзіме ұнамай жүр. Маған рақымшылық жасалады деген үміттемін.

Елбасы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заңға желтоқсанның 13-і қол қойды. Сол күнен бастап прокурорлар рақымшылық туралы заңдағы талаптарды 6 айдың ішінде орындауы қажет.

Роза Жолаушинова – Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры:

– Қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар жазадан босатылады. Олардың үстінен ашылған істері жабылады. Заң аясында кәмелетке толмағандар,жүкті әйелдер, елу жастағы әйелдер, алпыс жастағы ер адамдар босатылады. Ауырлығы орташа қылмысқа барған адамдарға жазасының өтелмеген бөлігі айыппұлға не бас бостандығын шектеуге ауыстырылады. Орташа қылмыс жасағандар айыппұл төлейді немес жаза мерзімінің өтелмеген бөлігі қысқартылады.

Балаларға қастандық жасағандар, елдің ішінде бүлік шығарғандарға , 2 не оданда көп адам өлтіргендерге жеңілдік қарастырылмаған. Заңға сәйкес, өңірдегі түзеу мекемелерінен 40 адам босатылмақшы. Алайда олар пробация қызметінің бақылауында болады.

Ержан Ахмадиев – СҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Петропавл қалалық пробация қызметi бөлімі бастығының орынбасары:

– Сондай-ақ пробация қызметiнде есепте тұрғандарға да рақымшылық жасалады. Өңірдегі пробация қызметінде 1040 адам есепте тұр. Соның 534-іне кешірім жасау қарастырылған. 323-і толығымен босап шығуы мүмкін. Тағы 208 адамның жазасын өтеу мерзімі қысқаруы мүмкін.

Қазіргі таңда өңір прокурорлары рақымшылыққа іліккендердің құжаттарын жинастыруда. Ол дайын болысымен соттарға жолданбақ.

Берік Қасен