Спорт

“Қуаныш” ВК жоғарғы лиганың 25-ші чемпионатында көш бастады

Камила Мирсоатова – “Қуаныш” ВК шабуылшысы:

– Бұл чемпионатта біздің негізгі қарсыласымыз “Қостанай” ВК қыздары. Оларды 2-ші турда 3-1 есебімен ұттық. Енді үйдегі турда да сол ерлікті қайталаймыз деген ойдамын.

Қос тур қорытындысы бойынша теріскейліктер 24 ұпаймен көш бастады. Осы маусымға міндет айқын, меже бір. Ол чемпионатта жеңіске жетіп, Ұлттық лигаға өту.

Азамат Есімов – “Қуаныш” ВК бас бапкері:

– Қаңтар айынан бастап үшінші турға дайындаламыз. Ол бізде, яғни Петропавл қаласында ақпанның 1-і мен 10-ы аралығында өтеді. Өткен қос турда барлық қарсыластарды жеңдік, енді сол ерлікті үйде де қайталауға тырысамыз. Сонымен қатар, соңғы 5-ші турды да Петропавлда өткізуді сұрамақпыз. Ол сәуір айының 1-і мен 10-ы аралығы. Жабылу салтанатын өз мойнымызға алмақпыз.

Айта кету қажет, былтырғы маусымда “Қуаныш” ВК чемпионатта үздік үшікті тұйықтаған болатын. 4 жылдық тарихы бар команда аз уақыттың ішінде құрыштай шынығып, қазір қаһарлы қарсыластарын қоғадай жапыруда. Егерде үшінші турда да бұрымдылар көш басында қалса, онда Ұлттық лигаға өтуге мүмкіндіктері еселене түспек.

 

Риат Шони