Денсаулық сақтау

Өткен аптада 5 адам денесінің әр бөлігін үсітіп алған

Валерий Грибашов – 3-ші қалалық аурухананың жарақат бөлімінің меңгерушісі:

– І дәрежелі үсік шалғанда үсіген тері қабатын қызарғанша жылы алақанмен жылытып, уқалау қажет, жүн матамен, демнің жылуымен жылытып, соңынан мақта-дәкемен таңады. ІІ-ІV дәрежелі үсік шалғанда тез жылыту, массаж немесе уқалау жасаудың қажеті жоқ. Зақымдалған жерге жылу шығармайтын дәке немесе қалың мата таңу қажет. Сонда терінің жасушалары өлмейді. Зардап шеккендерге ыстық тамақ, ыстық шай беріледі.

Теріңіздің реңі ақшыл-көк болса, ауырған жерді сезбесеңіз бірден дәрігерге жүгініңіз. Себебі, бұл – үсік шалудың белгісі.

– Тері үсімеу үшін бетке қаздың майын жағып алып, үйден шығарда жылы киініп шығу қажет. Қолғап та қалың болу керек.

– Таңертең қол мен бетті сабынмен көп жууға болмайды. Терінің майы құрғап, аязда бетіңізді үсітіп аласыз. Қол үсігенде оны қармен ысқылауға болмайды. Үнемі жылы киініп жүрген дұрыс.

Өткен аптада денесінің әр бөлігін үсітіп алған 5 адам 3-ші қалалық аурухананың жарақат бөліміне келіпті.

Валерий Грибашов – 3-ші қалалық аурухананың жарақат бөлімінің меңгерушісі:

– Тұрғылықты мекен жайы жоқ бір адамның екінші аяғын кесіп тастауға тура келді. Ол мас күйінде далада ұзақ уақыт жатып қалған. Зардап шегуші бір аяғын бұрындары үсітіп алып, үш рет ампутация жасатыпты. Сол қателігі оған сабақ болмаған. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, көбінесе бейқам адамдар осындай жағдайларға душар болады.

Дәрігерлердің жұмысы әсіресе, Жаңа жылды мерекелеу кезінде көбейеді. Осы уақытта денесін үсік шалғандардың қатары күрт артады екен.

Берік Қасен