МТРА жаңалықтары

Теріскейлік жастар республикалық “KazRobosport-2016” жарысынан жүлделі оралды

Айгерім Сарбаева – Қазақ мектеп-гимназиясының 11-ші сынып оқушысы:

– Біздің робот жолды 20 секунд ішінде жүріп өтті. Осылайша екінші орынға ие болдық.

Жарыста тағы, “робафутбол” аталымы бойынша да сайыс ұйымдастырылған. Жерлестеріміз Қарағанды облысы құрамасымен тең ойнапты. Тек, қызылордалық жастарға есе жіберіп, жеңіс тұғырының үшінші сатысына тұрақтаған.

– 21-ші ғасырда футболды адамдардан бөлек, роботтар да ойнай алады. Мәселен, мына құлтемір арнайы допты қақпаға бағыттап, гол соға алуға қауһарлы.

Республикалық “KazRobosport-2016” жарысына 30-ға жуық құрама қатысыпты. Олардың 9-ы теріскей намысын қорғаған. Жас өнертапқыштардың 4-еуі жүлдегер атанды. Осылайша солтүстікқазақстандық жастар додада жалпы командалық 2-ші орын алып, 200 мың теңгенің сертификатын иеленді.

Виталий Мельников – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәні мұғалімі:

– Жарысқа Облыстық балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығы, Қазақ мектеп-гимназиясы және Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қатысты. Оларды біз сәуір айында өткен сайыста өз арамыздан іріктеп алдық. Додада біз тек Қарағанды облысының құрамасына есе жібердік. Енді, жастар келер жылдың қараша айында тағы да республикалық жарысқа қатысады. Одан жүлдеге ілініп жатса, Коста-Рикада өтетін халықаралық олимпиадада бақ сынамақ.

Айта кетейік, жыл өткен сайын өңірде роботехника қарқынды дамып келеді. Биыл облыстық білім басқармасынан 20 ауыл және 6 қала мектебіне 130-ға жуық құлтемірдің бөлшектері тегін беріліпті. Тағы, жастарға робот құрастыруды үйрететін жаттықтырушылардың қатары 150-ге артқан.

 

Култанов Байболат