Спорт

Петропавлда кёрлингтен облыстық чемпионат өтті

Ойын ережесі бойынша екі құрама мүшелері 8 рет тасты мұз үстінде белгілі бір жылдамдықпен сырғаната отырып ұзындыққа жібереді. Осы кезде қарсылас жақтың тастарын шеңбер ішінен ығыстырса не болмаса тас шеңбер ортасына жақын тұрақтаса онда сол командаға ұпай бұйырады. Барлық кезеңнен соң қос команданың ұпайлары есептеліп, жеңімпаз анықталады.

Татьяна Мархалюк «RUN» құрамасының капитаны. Оның бұл спорт түріне бет бұрғанына 2 жыл болған.

Татьяна Мархалюк, “RUN” құрамасының капитаны:

– Мен жеңіл атлетикамен айналысқан болатынмын. Содан соң, маған кёрлингтен өңіріздің қыздар құрамасына кіруге ұсыныс жасады. Ең басында бұл спорт жайлы мен хабардар болмаған едім, кейін қызығушылығым артып, осы спортқа бет бұрдым.

Бүгіндері өңірімізде кёрлинг спорты аса дамымаған. Ұйымдастырушылар осындай сындар арқылы керлингті жастарға танытамыз деп отыр. Жалпы бүгінгі додада 30-ға жуық адам қатысуда. Олар 6 құрама бөлінген.

Денис Зернов, кёрлингтен облыстық федерацияның президенті:

– Біз бірінші рет 2013 жылы Алматы қаласында өткен республикалық жарысқа қатыстық. Онда 6-шы орынға ие болдық. Содан соң,түрлі шеберлік сағаттарына барып, тренингтерге қатыстық. Келесі жылы біз тағы да Қазақстан чемпионатына барып, 1-ші орынға қол жеткіздік. Міне, осы кезден бастап біздің өңірде кёрлинг спортының даму кезеңі басталды.

Сайыс қорытындысы келесі аптада белгілі болмақ. Нәтижесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамота және медальдармен марапатталады. Айта кеткен жөн, желтоқсанның 27-ші жұлдызында кёрлинг бойынша облыстық семинар өтпек. Оған қатысушылар ойын жайлы ақпарат алып, мұз айдынында жаттыға алады.

Тогжан Акмагамбетова