МТРА жаңалықтары

Облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген президиум отырысы өтті

Армия Абулқайыров Айыртау ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып еңбек етеді. Көп жыл бойы өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасаған. Сонымен қатар, ауданға 11 жыл бойы жетекшілік еткен. Бүгін ол «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Сондай-ақ, бүгін Армия Абулқайыров пен тағы 4 адамның есімдері Облыстық ардагерлер кеңесінің құрметті кітабына енгізілді.Бұдан соң, кеңес мүшелері ардагерлер президиумының кеңейтілген отырысын бастады.Мұнда жиылғандар қазіргі заманда өзекті проблемаға айналған экстремизм мен терроризм тақырыбын қозғады.

Мұратбек Зейнуллин – СҚО дiн iстерi жөнiндегi басқармасының басшысы:

– Бүгінде біздің өңірдегі жағдай тұрақты. Айта кету керек, бізде «Ақниет» қоғамдық қоры жұмыс жасауда. Оның құрамында кәсіби теологтар мен психологтар бар. Жергілікті мамандар ағымдағы жылы теріс пиғылды топтарға қосылған 12 адаммен әңгімелесіп, оларды дұрыс жолға салған. Және қазір тағы 6 азаматпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Сонымен қатар, аталған қордың мамандары темір торға қамалған азаматтармен де жұмыс жүргізеді. Қазір өңіріміздегі түзету мекемелерінде радикал топқа түскен 33 қазақстандық отыр. Олардың дені – Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстарының тумалары. Жиынға қатысқан ардагерлер өскелең ұрпақты теріс діни ағымдардан аулақ ұстау үшін алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін айтты.

 

Айгерим Ержанова