МТРА жаңалықтары

Петропавлда жылу құбыры жарылып, ыстық су бірқатар үйлерді басып қалды

Бұндай тұман бұл көшеде кеше түнімен тұрыпты. Баспаналарына ыстық су кірген тұрғындар оны сыртқа шығарумен әлек. Бұл Советская көшесіндегі 145-ші үйдің иесі Антонина Машкеновастың жертөлесі. Ыстық судың деңгейі 17 см-ің маңайында. Абырой болғанда жертөледегі барлық азық-түліктерін алып шығыпты. Бірақ, оны қайда қоярымды білмеймін дейді.

Антонина Машкеновас – Советская көшесі, 145 үйінің тұрғыны:

– Кеше үйімнің ауласы суға толы болды. Тұманданып дым көрінбеді. Еденнің асты барлығы су. Мынау азық-түдігімді қайда қоярымды білмей отырмын. Жертөледен су кеткеннің өзінде ылғал қалады. Әкімдікке қоңырау шалып суды сорғымен тартып алуды сұрап едім, бізде апаттық көлік жоқ, жекеменшік біреулерге айтыңыздар деді. Ал оларға ақша төлеу қажет қой. Не істерімді білмей басым қатты.

Ал Изтолин көшесіндегі 63-ші үйдің жертөлесіне кірген ыстық су Ольга Врублевскаяның 6 қап картобын заматта пісіріп, суық еденін тегін жылытып тастаған. Жалпы айтқанда баспанасының іші кеше моншадан кем болмапты. Қазір Ольга Врублевская оқыс оқиға болған кезде үйде болмадым деп сан соғуда.

Ольга Врублевская – Изтолин көшесі 63 үйінің тұрғыны:

– Мен бұл картоптарды жазда 45 теңгеден сатып алғанмын. Сол кездегі ең төменгі баға болды. Қысқа әзірлеген тосаптарымда бүлінді. Енді бұлардың барлығы жарамсыз болып қалды. Кеше үш сағат жүгіріп жүріп үйіме кірген суды сорғымен сорып алуларын өтіндім. Құдықтардың бірінен соң бірі істен шығып жатыр деп әзер дегенде келді.

Суда қалқыған құтылары мен 11 қап піскен картоптан жасалған тауды көрсетуге Юрий Седенков та шақыруда. Советская көшесіндегі 146-шы үйге кірген ыстық су жертөледе не бар, соның барлығының быт-шытын шығарған. Қысқы азығы картоптары ылғалды, жарамсыз болып қалған.
Қазір апаттық жағдай орын алған жерде мамандар құбырларды қалыпқа келтіріп жатыр. 1,5 сағаттың ішінде барлық жұмыстар аяқталады деп жоспарлануда.

Александр Захарьян – “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас инженері:

– Кеше түнде су соратын 6 бірлік техника жұмыс істесе, бүгін 4-еуі шықты. Диаметрі 500 мм, ұзындығы 16 метр болатын құбыр істен шыққан. Оның қызмет ету уақыты 25 жылды құрайды. Міне сол мезгілде өтті. Оның үстіне жылу желілеріне жер асты сулары тым жақын орналасқан. Соларда құбырдың істен шығуына себеп болады.

Жалпы алғанда бұл көшеде зардап шеккен үйлердің саны 10-нан астам. Баспана иелері келген шығынды енді кім өтейді деп зар еңіреп жүр.
Бұл сауалды біз жерігілікті атқарушы билік өкілдеріне жолдап көрдік.

Жоламан Бәкішев – Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Бұл құбырлар “Петропавл жылу желілері” ЖШС тиесі. Шығынды солар өтеу керек. Қалалық әкімдік оны өтеуге міндетті емес.

Жоламан Бәкішев мәселені шешу “Петропавл жылу желілері” ЖШС-ің міндеті деп қысқа қайырды. Ал құбыры жарылған компания өкілдерінің берген жауабы мынандай.

Александр Захарьян – “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас инженері:

– Бұл жерде 2004-2005-ші жылдары әр учаскеде 20-30 метр құбырлар ауыстырылды. Олардың жұмыс істеу уақыты 25 жыл. Бұл құбырлар жер асты суларының арасында тұрған. Енді біз не үшін шығынды өтеуіміз керек. Шама бойынша біз жылына 25 шақырым құбырды ауыстыруымыз қажет, ал биыл тек 12,7 шақырымын ғана алмастырдық.

Осылайша “Петропавл жылу желілері” ЖШС құбырларды жыл сайын жөнді ауыстыруға қаржының аздығын айтады. Ал ақша молырақ болу үшін тарифті өсіру керектігін тұспалдайды. Жалпы бүгінде қалада құбырлардың тозуы 72 пайызды құрап отыр.

Бір қызығы бұл көшедегі үйлердің бірде-бірі орталықтандырылған жылу желісіне қосылмаған. Яғни, тұрғындар баспаналарын пеш жағып жылытады. Дегенменде, пайдаланбаса да көшелерімен өтетін құбырдың жарылуынан зардап шекті. Ал “Петропавл жылу желілері” ЖШС тұтынушысы тек мына 5 қабатты тұрғын үй. Бұнда қазір 26 пәтер уақытша басқа желімен жылытылуда.

 

Риат Шони