Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда хоккей қорабының төбесі құлады

Елизавета Конопелькина – қала тұрғыны:

– Мен осы маңда 10-шы қабатта тұрамын. Үйде жүргенімде бір қатты дыбыс естідім. Үйдің төбесіндегі қарды тазалап жатыр деп ойладым. Енді терезеге қарасам, хоккей алаңының төбесі ортаға құлап, күл-талқан болып жатыр. Бұлай болғаны өте өкінішті, әрине. Ғимараттың ішінде әйтеуір ешкім болмапты.

Хоккей алаңын қостанайлық «Спецстальконструкция» серіктестігі тұрғызған. 4 айдың ішінде бой көтерген нысанға жеке инвестициядан 15 млн теңгеден астам қаржы жұмсалыпты.

Валерий Евдокименко – Петропавл қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

– Бұл нысанды салған фирма елімізде 15 ғимараттың құрылысын жүргізген. Соның бірі міне, мына – хоккей корты. Бұдан бөлек аталған мердігер компания облыс орталығында «Қарасай» стадионында жабық алаң салды. Және тағы біреуі «Жастар» стадионында бой көтеруде. Бірақ, дәл осындай бұзылу оқиғасы оның ешбірінде тіркелмеген. Әзірге, бұл корттардағы барлық жұмыс толығымен тоқтатылады. Арнайы құрылған комиссия мән-жайды анықтаулары қажет.

Нысанның төбесінің не себепті құлағаны әлі белгісіз. Бұл ретте тиісті сала мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мән-жайды анықтау үстінде. Бірақ болжам ретінде қардың көп түсуі мен конструкцияның сапасыз болуы да қарастырылуда. Егер де мердігерлердің кінәсі дәлелденсе, онда олар нысанды қайта қалыпқа келтіруге міндетті.

 

Айгерим Ержанова