МТРА жаңалықтары

«ЗИКСТО»АҚ және «Қазақстан Темiр Жолы» ҰК» АҚ арасында 17,5 млрд.теңге сомасына шарт жасалды

Валерий Медынин – “ЗИКСТО” АҚ Темір жол бөлімінің қырнаушысы:

– Соңғы үлгідегі білдектерде жұмыс істейміз. Тиісінше өнімділік жоғарылады. Қондырғы дөңгелектің ішкі сақинасын жоғары дәлдікпен қырнайды.

Дөңгелектің біреуі 450 келі тартады. Жүк көтергіштік қабілеті 30 тоннаға шақталған. Осындай қос дөңгелекті белтемірге кигізіп, оны сынақ алаңында тексерістен өткізу процесі 4 сағатқа созылады екен.

Биыл “ЗИКСТО” АҚ былтырғымен салыстырғанда көп тапсырыс алып, сәйкесінше өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтыпты. Бүгінде 4 млрд теңгенің тауарын шығарып, жоспарлы шаруаның көп бөлігін тындырыпты.

Сергей Непомнящий – “ЗИКСТО” АҚ бас директоры:

– Біз негізінен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының тапсырысын орындаймыз. Биылдан бастап Қазақстанда вагон құрастыратын компанияларды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама іске қосылды. Бұл біз үшін үлкен көмек. Биыл 6 млрд теңгенің ал, 2017 жылы 17,5 млр теңгенің тауарлы өнімін шығаруды жоспарлаудамыз.

Қазір зауыт толық қуатында жұмыс істеп тұр. Биыл “ЗИКСТО” АҚ әкімшілігі 80 футтық платформа мен ірі габаритті астық тасымалдайтын вагондарды құрастыруға рұқсат алды. Қосалқы бөлшек саймандардың 40 пайызын әзірге Ресейден алдыртады. Келешекте мұндағылар жергілікті локлизацияның үлесін 100 пайызға жеткізуді көздейді.

Сергей Непомнящий – “ЗИКСТО” АҚ бас директоры:

– Биылдан бастап зауыт көлемі 80-футқа дейін жететін контейнерлерді тасымалдайтын темір жол платформаларын құрастыруға рұқсат алды. Ұзындығы 25 метрді құрайтын бұл платформа 70 тонналық ауыр жүктерді көтеруге қауқарлы. Мұндай көлік құралы Қазақстан бойынша әзірше Петропавлда құрастырылмақ.

Жыл соңына дейін “Зиксто” зауыты 130 жүк вагонын шығармақшы. Ал 2017 жылы оның саны 1 500-ге жетеді.


Берік Қасен