МТРА жаңалықтары

Кәсіпорындар мен бизнесмендер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды

Марат Ысқақов – СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– 2014 жылдан бері 2 600-ден астам солтүстікқазақстандық кәсіпкерге түрлі сервистік қызмет көрсетілді. “Бизнес мектеп” жобасы аясында 1 557 тыңдаушы қысқа мерзімдік курстан өтті. Сондай-ақ біз 31 мүмкіндігі шектеулі жанды кәсіпкерлік негіздеріне оқыттық. Соның 15-і жеке ісін ашты.

Биыл Киров зауыты, Алекри фирмасы, Авагро серіктестігі “Алтын сапа” байқауына қатысыпты. Осы үшін аталмыш компаниялар ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаевтың Алғыс хатын алды. Салтанатты жиында Иван Слипецкийге облыс әкімі Ерік Сұлтановтың Алғыс хаты табысталды. Ол биыл Швеция Королдігінде өткен “Worldskills Europe” халықаралық байқауында “Үздік сарапшы” атағын алыпты.

Иван Слипецкий – СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің оқытушысы:

– Мен бұл байқауға құрылысшы мамандығын меңгерген оқушымды алып бардым. Ол 6 кезең бойынша өз біліктілігін көрсетіп 5-орыннан көрінді. Қазылар алқасы менің де жұмысымды жоғары бағалап, “Үздік сарапшы” атағын берді. Бұдан былай мен Қазақстанда жұмысшы мамандықтары арасында өтетін республикалық байқауларда төрешілік ететін боламын.

Жиында кәсіпкерлерді оқытуға атсалысқан бизнесмендердің де еңбегі еленді.

Берік Қасен